Жаңалықтар

Құттықыз Қасымбекова: Ұлттық кітапхана Ассамблеяның Достық үйлерімен тығыз байланыс орнатқан

22.10.2018 03:25 3360

Кітап — өмір шырағы. Тәуелсіз елдің өміріне шырағын жағып келе жатқан Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының жай-күйін білмекке арнайы ат басын бұрған едік.

Қойны қазынаға толы киелі орда жайлы ҚР Ұлттық кітапханасының «Қазақстан кітаптары» қызметінің топ жетекшісі Құттықыз Қасымбековамен сұхбаттасуды жөн көрдік.

Құттықыз Нұралықызы, әңгіменің әлқиссасын Ұлттық кітапхананың тарихынан бастасаңыз.

— Тарихына тоқталсақ, Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы сонау Кеңес дәуірінде 1931 жылы 12 наурызда құрылып, сол жылдың 5-ші мамырынан бастап оқырмандарға қызмет көрсете бастады. Ал, кітапхананың алғашқы директоры көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Жандосов болған.

Тәуелсіздік алғалы кітапхананың ауқымы да артып, өрісі кеңіді. Киелі кітап ордасы бүгінде талай міндетті арқалап, небір келелі істің темірқазығына айналып отыр. Жай ғана сансыз кітаптар тізілген ғимарат емес, ағартушылық саласындағы бірегей орда деп ауыз толтырып айтуға болады.

Атап айтқанда, Ұлттық кітапхана республикалық ғылыми-әдістемелік орталығы болып табылады; Қазақстан баспа басылымдарының міндетті данасының депозитарийі, ҚР Білім және ғылым министрлігінің кандидаттық және докторлық диссертациялардың депозитариийі, ТМД елдері авторефераттарының депозитарийі, 2012 жылдан бастап Алматы қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы басылымдарының депозитарийі, тағы да басқа қызметтердің басын жинақтаған.

Бүгінде Ұлттық кітапхананың қоры 6,3 миллионнан асады. Жыл сайын кітапханамызға шамамен 1 миллионнан аса оқырман келеді екен. Сонымен қатар, жаһандану дәуірінің озық үлгісін қатар алып жүруді басшылықққа алған Ұлттық кітапхана веб-сайт ашып, оқырмандарға виртуалды кеңістікте де қызмет көрсетіп жүр. Соңғы көрсеткіштерге жүгінсек, бір жылда шамамен 1,6 миллион адам кітапқа виртуалды тапсырыс беріп оқыған.

— Ауқымы орасан кітапхананың ішкі қызметі жайлы да аз-кем мәлім етсеңіз.

— Кітапханның құрылымдық ерекшелігіне келсек, бізде жалпы есеппен 13 бөлім қызмет етеді. Оның ішінде: «Сандық технологиялар», «Өнер», «Әдебиет», «Мерзімді басылымдар», «Әлем әдебиеті», «Мультимедия», «Ғылыми-әдістемелік», «Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар» секілді бірнеше бөлімдер бар. Енді әр бөлімнің өзіндік арқалаған жүгі бар.

Мәселен, «сандық технологиялар» бөлімінде бейнелеу студиялары жұмыс істейді. Немістің озық сканерлері арқылы кезінде жарық көрген «Қазақ», «Еңбекші қазақ» іспетті басылымдардың электронды нұсқасын жасайды. «Әлем әдебиеті» бөлімінде әлемнің әр тіліндегі еңбектерді көптеп кездестіруге болады.

Айтпақшы, «сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар бөлімі» бірнеше тармақты қамтиды. Атап айтқанда: Қазақ тіліндегі қолжазбаларды; Қазақстан туралы орыс тіліндегі жазбалар; Шығыстық қолжазбалар; Көне орыс және славяндық қолжазбалар; Шет тіліндегі қазақ басылымдары; Ресей кітаптары; Батыс еуропалық басылымдар; Шығыс кітаптары; Корей қоры; Өте кіші көлемдегі кітаптар; Микрофильмдер және т.б.

 — Көне кітаптардың кітапхана қорына жеткізілуі туралы да хабардар етіңізші.

 — Жалпы, сирек кездесетін кітап қорына кітаптардың түсу тарихының өзі қызық. Мәселен, бізде сонау ХІІ ғасырдан келіп жеткен құранның түпнұсқасы сақтаулы. Деректерге қарағанда, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) күйеу баласы қарындасы ұзатылғанда осы құранды жасау ретінде берген екен. Әріптері алтынмен жазылған көне жәдігерді сақтап тұру да оңай шаруа емес. Қараңғы жерде, 18-24С температурада, ылғал жібермей, арнайы күтіммен сақталып отыр. Бұдан өзге де сирек кездесетін кітаптардың жалпы саны 30 мыңнан асады.

Айтпақшы, Корей кітаптары жайлы қызықты мағлұматтар бар. Кезінде сталиндік репрессия-қудалаудан кәрістердің де шет қалмағаны белгілі. Сонда талай кәрістерді Қазақстанға жер аударған. Бір ғажабы, кәрістер ұрпақтарының қамын жадынан шығармай, ұлттық құнды кітаптарын дорбаларына тығып ала көшіпті. Мынау Қызылорда қаласына қоныс аударған зиялы өкілдері кітаптарын қазақ қойшыларының қорасына жасырған екен. Бірде қызылордалық пойыз жүргізушісі кәрістердің өтінішімен әлгі кітаптардың біраз бөлігін жасырып Алматыға жеткізіп, кітапханаға тапсырған екен. Әлі күнге малдың қиы жағылған кітаптар бізде сақтаулы.

Демек, әлемнің уысына түсе бермеген бірегей туынды қазақ жерінде сақтаулы дейсіз ғой. Жалпы, кәріс жұртының сұраныс салуында негіз бар ма? Кітап алмасу мәселесі қаншалықты жүзеге асуда?

 — Ұлттық кітапханың тағы бір тоқталатын айрықша тұсы бар. Бізде айырбастау-резерв қорының электрондық каталогы жасалған. Бүгінде бұл қорға, шамамен, қазақ, орыс және өзге де шет тілдеріндегі қоғамдық-саяси тақырыптағы, тіл білімі, жаратылыстану, техника, медицина, өнер саласындағы, тарихи көркем әдебиеттердің, жалпы есеппен 77 мыңға жуығы  жинақталған. Қор Қазақстан, ТМД және әлем елдері кітапханаларын толықтыруға, сондай-ақ, тең айырбасқа негізделген.

2008 жылы ҚР Ұлттық кітапханасының Айырбастау-резерв қорынан №114 орта мектебіне — 690 кітап, С.Д.Асфендияров атындағы Қазақтың Ұлттық Медициналық университетіне 8000 дана кітап берілді. 2012 жылы «Қазақстан кітаптары» бөлімінде Алматы қаласының Қазақстан Халқы Ассамблеясының Депозитарийі ұйымдастырылды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының Депозитариіне кеңірек тоқталып өтсеңіз.

 — ҚР Ұлттық кітапханасының екінші қабатында «Қазақстан кітаптары» қызметінің жанынан 2012 жылы 14 қыркүйекте Алматы қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы материалдарының ашық қор көрмесі ашылды. Бұл депозитариді ашудың басты мақсаты — этникааралық және конфессияаралық қарым-қатынастар саласындағы қазақстандық зерттеушілердің ғылыми еңбектерін, зерттеулерін және басқа әдебиеттер қорын ары қарай қалыптастыруды және оларды әйгілендіруді жалғастыру, сондай-ақ, оқырмандарды Қазақстанда өмір сүріп отырған әртүрлі ұлттардың тарихымен және әдебиетімен таныстыру. Осы күні оқырмандар Г.Бельгер, И.Шухов, И.Щеголихин, Н.Цой, А.Янушкевич сынды жазушылардың еңбектерін оқып жүр.

 — Айтпақшы, кітапханаларыңыздан Герольд Бельгердің есімімен аталатын бір бөлмені көзіміз шалып қалды.

 — Оныңыз рас, біз Достық үйлерімен тығыз қарым-қатынас орнатқанбыз. Қай ұлт өкілінің болмасын, туындысы жарық көрсе, бізге келіп тұсауын кеседі. Түрлі мәдени шараларды бірлесіп жүргіземіз. Мәселен, биылғы 2018 жыл кітапханада «Өзбек жылы» болып аталды. Осылайша, әр ұлт өкілдерінің елеулі тарихи сәттерін бірге бөлісіп отырамыз. Герольд Бельгерге келетін болсақ, 2016 жылы кітапханамыздың екінші қабатынан арнайы бөлме аштық. Онда жазушының қылқаламынан бастап, өмірде тұтынған барлық кітаптары мен өзге де құнды дүниелері мұражайға қойылды. Бұл да болса, біздің Достық үйлерімен етене байланыс орнатқандығымыздың көрінісі.

 — Қазақстан халқы Ассамблеясының депозитариін ашқандарыңыз құба-құп екен. Ұлттық Кітапхана әлемнің өзге елдерімен қаншалықты байланыс орнатып отыр?

 — ҚР Ұлттық кітапханасы шетел кітапханаларымен қарым-қатынасты қолдап қана қоймай, дамытумен келеді. Ынтымақтастық шеңберінде кәсіби және ғылыми алмасулар, ресми сапарлар, конференциялар, семинарлар, халықаралық кітап алмасу, баспалық, көрме және өзге де жұмыстарға қатысты жобалар жүзеге асырылады. Дәл қазіргі таңда Ұлттық кітапхана Әзірбайжан, Беларусь, Иран, Қырғызстан, Қытай, Польша, Ресей, АҚШ, Тәжікстан, Түркия, Украина, Чехия елдерімен байланыста. Тағы бір атап өтетіні, Ұлттық кітапхананың «Әлем әдебиеті» бөлімі жанынан бірнеше орталықтар да ашылған. Мәселен, бізде түрік, қытай, пәкістан сынды бірнеше ұлттардың мәдени орталықтары жұмыс істейді.

 — «Кітап — білім бұлағы» дейміз. Әйтсе де, қазіргі жастар қауымының кітапқа деген сұранысы қандай?

 — «Жастар кітап оқымайды» деген пікірді күнде естиміз. Әсілінде, солай ма? Рас, қазір ғаламтордың өрлеп, кез келген ақпараттың ағылып тұрған заманы. Бірақ, ғаламтор адамға ақпарат бергенімен, рухани құндылық бере ала ма? Әлбетте, олай емес. Өзім кітапханада 25 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Кітапхананың оқырманнан ажыраған сәтін көрмеппін. Енді жастарға келсек, мына қызыққа қараңыз. Жаздың 40 градус аптабында, осы оқу залынан жастар үзілмейді. Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдарын», Дулат Исабековтың «Қарғын» романын, «Қан мен терді», көптеген кітаптарды бас алмай оқуына қайран қаламын. Жазғы демалысын ысырып қойып, кітапты жастана оқу деген осы шығар. Кейде жандарына жақындап, «Кітап несімен қызықты?» деп сауал тастаймын. «Керемет! Жанымыз демалады. Рухымыз шарықтайды» деп жауап беріп жатады. Жалпы, классикалық туындылардың жөні де, мәні де бөлек қой.

Сонымен қатар, біз жастармен тығыз байланыс орнатудың бірнеше әдістерін қолданамыз. «Парасат клубын» аштық. Ақын-жазушылардың шығармаларынан көрме ұйымдастырамыз. Атаулы күндерді ескерусіз қалдырмаймыз. Мәселен, 31 мамыр «Қуғын-сүргінге ұшырағандарды еске алу» күніне орай шағын қойылымдар қойып, жоғары оқу орындарымен байланыс орнатамыз.

Жалпы айтқанда, кітапхана тек кітап оқитын орын емес, түрлі іс-шаралар мен жиын-басқосулардың келелі ордасы. Мәселен, қыркүйектің 18-19-ы күндері әлем кітапханаларының халықаралық ІІІ съезі өтті. 20 жылда бір өтетін бұл басқосудың мәні зор. Әлемнің әр елінен қонақтар келді. Жаһандану заманындағы кітапханалардың рөлі жайында келелі мәселелер ортаға түсті.

 — Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «100 кітап» жобасы ұсынылғаны белгілі. Әр сала бойынша аударылып жатқан озық кітаптар жайлы не айтасыз?

 — Кітапханаға әр ғылым саласы бойынша аударылған оқулықтар келіп түсіп жатыр. Мені осы аударылған кітаптар тәнті етті. Өзім әлеуметтану саласындағы еңбектермен танысып шықтым. Сыртқы форматы, мұқабасы, өңделуі мен графикалық сәні мен сипатын өте жоғары бағалар едім. Ең маңыздысы, кітаптың мазмұны мен аударылуында дер едім. Бұрын кітаптар орыс тілінен аударылғандықтан, түсіну қиын еді. Осы жолғы кітаптардың тілі орамды, жатық, санаға сіңімді, құдды қазақ тілінде жазылған дүние ме деп қаласың. Әрі ішіндегі мәліметтер мыңның ішінен іріктеліп алынған озық дүниелер болғандықтан ба, сана көкжиегіңді ашып, сауатыңды шарықтатады. Дән ризамын. Елбасының «100 кітап» бастамасы болашақта да жалғасын тапса деген тілегіміз бар.

 — Келелі әңгімеңізге көп рахмет. Оқырман қауымы арта берсін.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға