Құсбегіліктен Әлем чемпионаты өтеді
Бабаларымыздың бай мұрасы мен асыл қазынасы оны ардақ тұтып, қастерлегеннің арқасында жалғасын тауып келеді.
3-7 қараша күндері Абай облысы Үржар ауданында Ұлттық спорт түрі «Құсбегіліктен» Мемлекеттік Рәміздердің 30 жылдығына арналған І Әлем Чемпионаты өтеді. Бұл туралы Берік Уәли өзінің әлеуметтік парақшасында жазады, деп хабарлайды EL.KZ.
Өз дәуірінде ардақталып, атадан балаға мұра болған әдет-ғұрпымыз, салт-дәстүріміз бен өшпес өнеріміз замандар сынынан өтіп, бүгінгі ұрпаққа жетті. Бабаларымыздың бай мұрасы мен асыл қазынасы оны ардақ тұтып, қастерлегеннің арқасында жалғасын тауып келеді,- дейді ол.
Сондай-ақ ол жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазысын ұмытпаған халқымыздың дәстүрлі аңшылығы бүгінде жаңа сипатқа ие екенін айтты.
Сондай-ақ ол әлемнің бірнеше мемлекетінің құсбегілермен қатар жарысқа еліміздің өңірлерінен 70-ке тарта бүркітші, қаршығашы, ителгі ұстап, тазы ерткен саятшылар қатысады деп жоспарлап отырғанын тілге тиек етті.
Елімізге белгілі құсбегілер Бағдат Мүптекеқызы апаймыз және Базарбек бауырмен алдағы айтулы жарыстың ұйымдастыру жұмыстарын пысықтадық. 3-7 қараша күндері Үржар ауданында Құсбегіліктен өтетін І Әлем Чемпионатының жоғары деңгейде өтуіне қолдау білдіріп, бір жағына шығысамыз дейтін азаматтар болса әрдайым есігіміз ашық,- дейді Берік Уәли.
