Құсбегілер сөздігі
Құсбегілер «қайыру» деген сөзді жиі қолданады. Бұл сөз құсты әр кезде әр түрлі бапта ұстау үшін оған берілетін тамағына байланысты айтылады. Сол құсбегілер сөздігінің бір парасын өздеріңізге ұсынып отырмыз.
Қансоқта – өлген аңның немесе туралмаған, қаны сорғалаған кесек еті.
Қызыл – құстың қылғып қақшуына оңтайланып туралған қызыл ет. Мұның да қан-сөлі өзінде болады.
Тартпа – малдың немесе аңның желкесі, толарсағы, шандыры сияқты құнары аз сіңірлі жерлері.
Сарбөртпе – туралған соң суға екі-үш рет шайып, сығып, біршама қан-сөлінен арылтқан ет.
Ақжем – майдалап турап әбден аппақ шүберектей болғанша суға шайып, сығымдап бар маңызынан айырған ет.
Тоят – құс өзі алған аңның таңын реп, тілін суырып немесе ыстық өкпесі мен жылы миын ойып жесе, соны құс тояттайды дейді.
Үрген өкпе немесе боз өкпе – сойылған малдың, яки аңның өкпесіне пышақ тигізбей кеңірдегімен қоса алып үріп қояды. Сонда өкпе маңызынан айырылып, құсты белгілі күйге түсіретін жем болып шығады.
Құсбегілер қолындағы құстың жай күйін тамыршыдай бағып отырады да, қажет болса бүркітке «ақжем» мен «бозөкпені» жүдету үшін, «тартпаны» шынықтыру үшін, «қансоқта» мен «қызылды» семірту үшін береді. Ал «сербөртпені» құсты бір қалыпта ұстау үшін береді. Мұны қазақ «ойтамақ» деп атайды.
Бүркітті шошымалы етпей дұрыс баптап қолға тез көндіктірудің бір шарты оған қажетті мүліктердің дұрыс жасалуына да байланысты. Олардың атаулары мынадай:
Тұғыр – бүркіттің құйрығы жерге тимейтіндей етіп жасалған ағаш сәкі. Қазақта бүркіт тұғырын алтынмен аптап, күміспен күптеп өнер туындысындай етіп әшекейлеу дәтүрі де болған. Тұғырды шеберліктеріне қарай әртүрлі етіп жасай береді.
Томаға – құстың көзін жауып тұру үшін былғарыдан қос сай, үш сай немесе төрт сай етіп тігетін бас киім. Бүркіт аяғымен қағып түсірмес үшін томағаға шыртетпемен бекітілген тамақ бау тағылады. Шытыра қадап, үкілеген томаға құсқа ерекше бір көрік береді. Томағасыз құс мазасыз болады.
Балақ бау – қолға түскен құстың аяғын қатты қыспайтындай етіп кигізден сақина тігеді де, оның сыртын былғарымен қаптайды. Сол былғарыға ұзындығы екі сүйемдей ғана қайыс таспа немесе шыжым жіп тағып ұшына жеңіл тығыршық өткізеді. Балақ бау, біріншіден, қолдағы құсты тұқырта ұстап, орнықты отырғызу үшін керек. Екіншіден, тұғырда мазасыз болмау үшін, үшіншіден, желі бауды өткізу үшін қажет.
Желі бау – балақ баудың қос шығыршығынан өткізетін, басында түйін тығырығы бар шыжым жіп. Желі бау құсты шырғаға тартқанда немесе қолға жаңадан түскен бүркітті баулығанда қажет.
Бүркіт қолғап немесе биялай – жұмсақ етіп уқаланған қасқыр терісінен үш саусақ етіп астар салып тіккен қолғап.