Жаңалықтар

Құсбегілер сөздігі (ІІ бөлім)

Бүркіт құндақ немесе бөлеу – талды бауырлап шабады да, дөңгелете иіп отырып екі басын біріктіреді.
19.11.2014 07:38 7405

Бүркіт құндақ немесе бөлеу – талды бауырлап шабады да, дөңгелете иіп отырып екі басын біріктіреді. Сонан соң шеңбердің ішіне жиі етіп күлдіреуіш салады. Бұл кішкентай, ойыншық шаңыраққа ұқсайды. Мұнан әрі пішіп отырып дөп-дөңгелек көрпеше тігеді де, шеңбердің екі жеріне бала бесігінің тартпасына ұқсас тартпа тағады. Әдетте күнімен аңға салынған құстың қуаты азайып, кешкі салқынға шыдамай құрылдайтын кездері болады. Сондай шақта бүркіттің аяғын бауырына алғызып, бөлеуге байлап жүріп кетсе, дәнеңе де етпейді.

Құсбегілер сөздігі (ІІ бөлім)

Бүркіт балдақ немесе қолдық – құсбегінің құсы қонып отырған қолы талмас үшін сүйеп отыратын аша ауыз ағаш. Бүркіт балдақтың бір жағына бүлдірге тағылады да, ер-тоқымның алдыңғы қапталынан өткен шеттікпен байланыстырады.

Сапты аяқ – қысқа ғана сабы бар, жайпақ келген ағаш ыдыс.

Түтік немесе шүмек – құстың ішін шаю үшін, су беру үшін тырна жілігінен немесе ағаштан бір басын жайпақ ауызды етіп жасаған түтік.

Қазақ құсбегілері қолындағы құстың мекен-жайына, мінезіне, әлсіздік-күштілігіне, ұшқарлық-алғырлығына, сырт бітіміне қарай ат қояды. Мәселен, «Ақшегір», «Күйшіл», «Күң табан», «Шүңірек», «Кекшіл», «Садақ сан», «Ақиық», «Қанды балақ», «Сабалақ», «Шәулі», «Сарсүмбі» тағы басқаша. Бұларды құстың тегіне қарай қойылған аты дейді.

Кейде құстың атына тәрбие-бап көріп,бауыр басқан иесінің есімі де қоса аталады. Мәселен, «Тулақтың шолағы» (Бұл құсты Абай ақын бес құлынды бие беріп алған екен). «Тінейдің сары құсы», «Жаяу Мұсаның көк дойыны», «Мәтімұсаның он үш құйрығы», «Шайманның сұршолағы», «Жабайдың қара шегірі» тағы басқалары.

Қазақ құсбегілері бүркіт атын жасымен де атайды. Жасына қарай бүркіт былай аталады: бір жас – балапан құс, екі жас – қан түбіт, үш жас – тірнек, төрт жас – тас түлек, бес жас – мұзбалақ, алты жас – көк түбіт, жеті жас – қана, сегіз жас – жана, тоғыз жас – майтүбіт, он жас – барқын, он бір жас – баршын, он екі жас – шөгел, осылайша он бес, жиырма жасқа дейін атала береді.

Құсбегі салбурынға қатысушыларды алдын ала беске бөліп топтайды.

Бірінші, тұрғышылар – бүркіт ұстап биікте тұрушылар.

Екінші, қағушылар – аң жүретін жерді тінте сүзіп қуып шығушылар.

Үшінші, тосқауылшылар – қашқан аңды ін қорымнан, таулы-тастақты жерлерден қайтарып, жасқап тұру үшін жолын тосушылар.

Төртінші, ізшілер – аңды ізіне түсіп жүріп, бойын көрушілер.

Бесінші, қызылшы немесе бақыршылар – қоста қалып ас әзірлеушілер немесе союшылар.

Деректер Ақселеу Сейдімбектің "Қазақ әлемі" кітабынан алынды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға