Жаңалықтар

ҚҰРЫЛЫМДЫҚ ГЕОЛОГИЯ

ҚҰРЫЛЫМДЫҚ ГЕОЛОГИЯ — геотектониканың бір бөлімі. Жер қыртысы тау жыныстарының жатыс пішіндерін, тектоник. қатпарлар мен жарылыстардың түрлерін.
31.08.2014 10:20 7881

ҚҰРЫЛЫМДЫҚ ГЕОЛОГИЯ — геотектониканың бір бөлімі. Жер қыртысы тау жыныстарының жатыс пішіндерін, тектоник. қатпарлар мен жарылыстардың түрлерін, олардың орналасу заңдылықтары мен геол. пайда болу тегін, дамуы мен өзгеру тарихын зерттейді. Тау жыныстарының жатыс немесе құрылымдық пішіндері жер қыртысының қарапайым бөліктерін, яғни шөгінді жыныстардың жеке қабаттарын, магмалық дене бітімдерді, моноклинді қатпарларды, жеке жарықтарды, өзгеріске ұшыраған қабаттарды (лықсулар, ығысулар, бастырулар, т.б.) құрайды. Құрылымдық пішіндер өзіндік табиғи өлшемдес геом. денелер болғандықтан, олардың өзара ара қатынастылығы өте қарапайымнан аса күрделіге дейін және үлкен қашықтықтардағы кешендер түрінде ұшырасады. Олардың сыртқы кейпі мен жатыс элементтері өзара салыстырылып, ұқ-састықтары мен айырмашылықтары анықталып, морфол. белгілеріне қарай жіктеледі; құрылым түзілуге себепші болған қозғалыстар, тектоник. күштердің бағыты мен түсірілу беті анықталады. Қ. г. зерттеулері салыстырмалы-тарихи және өзге де әдістер бойынша іске асырылады. Геол. құрылымдар туралы деректер жер беті тау жыныстарын тікелей бақылаудан, бұрғы салудан, қазу жұмыстарынан және әр түрлі геофиз. барлау нәтижелерінен жинақталады. Бұл материалдар көмегімен тау жыныстарының жер бетіндегі және терең қабаттарындағы жатыс элементтерін, жарықшақтар мен жарылыстарды бейнелейтін құрылымдық карта жасалынады. Ол пайдалы қазба байлықтарды іздеу үшін геол. барлау жұмыстарының бағытын анықтауға көмектеседі. Бұдан бөлек ол аймақтық геология, геоморфология, геотектоника, тарихи геология, т.б. геол. ғылымдардың жалпы проблемалары мен практик. шараларын шешуге көмектеседі. Мұнда Қ. г., кен геометриясы, механика, минералогия, петрография, литология, геофизика мен эксперименттік геологияның деректеріне сүйене отырып, өз алдына геотектоника ғылымының жеке саласы ретінде дамиды. Ал геотектоника жер қыртысының құрылысы, қозғалысы мен дамуы жайлы ғылым болғандықтан, Қ. г. оның морфол. немесе құрылымдық жағын зерттейді. Қ. г. жер қабатында седименттік, тектоник., атектоник., интрузиялық және метаморфтық құрылымдардың болатындығын анықтайды. Седименттік құрылымдар шөгінділердің жиылып тау жыныстары қабаттарына айналуынан түзіледі. Тектоник. құрылымдар (қатпарлы жарылыстар) түрлі қозғалыстар әсерінен қабаттардың бұрынғы кейпі өзгеріп, деформациялануынан, жиырылуынан пайда болады. Оларға антиклиналдар, синклиналдар, т.б. жатады. Атектоник. құрылымдар түрлі беткі процестердің, гравитац. күштердің, т.б. әсеріне байланысты құралады. Интрузия жыныстары сыртқы және ішкі құрылымдармен сипатталады. Эффузия жыныстарының құрылымдық элементтеріне лаваның параллельдігі, жыныстардың қабаттастығы, жігі, т.б. жатады. Метоморфтық жыныстардың құрылымында кристалдану, тақтатастағы жолақтылық, кливаж сияқты құрылымдық элементтер байқалады.

Әдеб.: Михайлов А.Е., Структурная геология и геологическое картирование, М., 1984; Кушнарев И.П., Кушнарев П.И., Мельникова К.М.,  Методы структурной геологии и геологического картирования, М., 1984; Жүнісов А., Құрылымдық геология, А., 2000.

А. Жүнісов

"Қазақ энциклопедиясы"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға