Жаңалықтар

Құртай би

Халқымыздың ХVІІІ ғасырдағы атақты билері – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің есімдері тарихтан бүкіл қазаққа белгілі.
03.09.2014 13:22 3987

Халқымыздың ХVІІІ ғасырдағы атақты билері – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің есімдері тарихтан бүкіл қазаққа белгілі. Осындай бүкіл қазақ еліне әйгілі болмағанмен, жергілікті өңірге белгілі әділ билер біздің Солтүстік Қазақстан өңірінде де аз болмаған (Киікбай би, Тоқсан би, Құрымсы би, т.б.).

Сондай қара қылды қақ жарып, әділ билік жүргізген билердің бірі – Құртай би. Ол қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Тимирязев ауданындағы Құртай ауылдық округіндегі Құртай (қазір Ракитное) ауылында 1810 жылы туып, 1888 жылы қайтыс болып сонда жерленген. Құртай Қартамбайұлы – тарихтан белгілі атақты Танаш бидің оныншы, бүтін бір руға есімі берілген Көшебе батырдың тоғызыншы ұрпағы. Шежіре бойынша, Танаш бидің баласы Көшебе батырдан Жаңбыршы туған, одан – Ораз. Ораздан – Жоламан. Одан – Үмбет. Үмбеттен – Құл. Құлдан – Аманбай. Аманбайдан –  Қартамбай. Қартамбайдан – Құртай. Омбы облыстық мемлекеттік мұрағатының (64­қор, 1­тізбе, 891­іс) 1899 жылғы деректеріне қарағанда, ол өз замандастары – Ж. Итанов, И. Бозданов, О. Иманов, О.Жартанов, А. Рамазанов отбасыларымен Петропавл уезінің  Преснов  болысына қарасты №5 және №6 ауылдарын мекен еткен. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда Құртай өзі бай болса да, адал, әділ және уәдесіне берік жомарт би болған. Әсіресе байлардан зорлық­зомбылық көрген кедейлер оның билігіне жүгініп, қолдау тауып отырған. Жарлы­жақыбайларға, жетім­жесірлерге қамқоршы, жақтаушы болуының арқасында өз ауылында ғана емес, болыста, уезде әділ би атанған. Сауатты, араб тіліне жетік болған Құртай Қартамбайұлы шешендігімен, саясаткерлігімен, алдағыны болжай білетіндігімен көзге түскен. Сондықтан ол өзі өмір сүрген ортада «әділ би», құрметпен «Құртай ата» атанған.

«Тектіден текті туады» дегендей, оның ұлы Мұқыш Құртаевтың есімі де әкесіндей әділдігімен, шешендігімен елге жайылған. Ол жайындағы деректі академик­жазушы Сәбит Мұқанов «Өмір мектебі» кітабында жазған болатын. Сәбеңнің айтуынша, ХХ ғасырдың басында Керей және Уақ руларына жататын бес болыс қазақтардың ішінде шешендік өнерімен танылған үш адам болыпты. Олар: Самай руынан – Шаймерден Есілбаев, Уақтан – Қостангелді, Көшебеден – Мұқыш. Бастапқы екеуі сауатсыз болыпты да, Мұқыш татар және орыс мектептерінде оқыған баласы Ғабдолланың үйретуімен газет­журналдар оқитын болыпты.  Сондықтан ел атынан талай жиындарда сөз сөйлейді екен. Мұқыштың қазақ тарихын, халықтың салт­дәстүрін, әдет­ғұрпын жақсы білетіндігін Сәбең соңғы жазған «Халық мұрасы» кітабында да сипаттаған.

«Есімдері ел есінде», құрастырған Абай Тасболатов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға