Жаңалықтар

Құрмет қарауыл ротасының мақтанышы

Элиталы әскери құрылым
05.05.2016 10:29 7146

Әскери ортада элита саналатын құрылым – Мемлекеттік күзет қызметінің Құрмет қарауыл ротасында Әзімбаев қанат есімді азамат бар. Құрмет қарауыл ротасы деп аты айтып тұрғандай аталмыш әскери құрылымға «сайдың тасындай» сайыпқырандар ғана қабылданады. Біз сөз еткелі отырған кейіпкер – мемлекеттік деңгейде өтетін рәсімдік іс-шараларда сап түзейтін сарбаздарды жаттықтырады.

Құрмет қарауыл ротасының мақтанышы

Тарихқа сәл шегініс жасасақ, 1992 жылғы 16 наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің № 673 Жарлығына сай «Қазақстан Республикасының Республикалық ұланы» құрылды. Республикалық ұланның негізгі міндеттері: күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысу, рәсімдік іс-шараларды орындауға қатысу, тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік нышандарын күзету, аса маңызды мемлекеттік объектілерді күзету болып табылды.

Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі сындарлы шешімдердің бірі – Мемлекет басшысының 2014 жылғы 21 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі туралы Жарлығы болғанын атап айтуға болады. Жарлық бойынша Президенттің күзет қызметі мен Республикалық ұланның бірігуі негізінде Мемлекеттік күзет қызметі құрылды.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі құрылған күнінен бастап күзетілетін тұлғалардың қауіпсіздігін және нысан­дар­дың қорғанысын қамтамасыз етудегі арнайы жауынгерлік орган ретінде көрсетілген бағ­дарлама аясында қойылған міндеттерді іске асыруда жаңаша даму бағытын ұстанды.  

Құрмет қарауыл ротасының мақтанышы 

–2014 жылдың 1 желтоқсаны – Мемлекеттік күзет қызметі үшін мәртебелі әрі тарихи күн болып саналады, – дейді Қанат Әзімбаев. – Себебі осы күні Елбасы Мемлекеттік күзет қызметінің Туы мен «Айбын» және «Батыр» Президенттік полктерінің жауынгерлік шарттарын табыстады.

 Құрмет қарауыл ротасының мақтанышы

Мемлекеттік күзет қызметінің Құрмет қарауыл ротасы Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өтетін хаттамалық іс-шараларды, шетел басшыларымен кездесу және шығарып салу рәсімдерін және басқа да мемлекеттік маңызы бар іс-шараларды қамтамасыз етеді.

Құрмет қарауыл ротасының мақтанышы 

– Қанат, сіздер елімізге іссапармен келетін өзге елдердің президенттері мен лауазымды тұлғаларды қарсы алу, шығарып салу сондай-ақ мемлекеттік маңызы бар хаттамалық рәсімдерді атқарасыздар. Сіздерге меймандар тарыпынан тамсанып, сүйсініп, мақтау айтқан сәттер болды ма?

– Әрине, ондай сәттер жиі болады. Шет елдік лауазымды тұлғалар бізбен сөйлеспесе де тамсанғандықтарын жүздерінен байқатып, күлімсіреп, тіпті көп жағдайда бас бармақтарын шошайтып, көрсетіп жатады. Ал, егер шет мемлекеттен келген Қорғаныс министрі болатын болса міндетті түрде қасымызға келіп, әдемі мақтау сөздерін айтып жатады.

Қанаттың айтуынша, сымдай тартылған жігіттердің әр қимылы үлкен еңбекті қажет етеді. Өз қарамағындағы рота сарбаздарын Қанат күніне 4 сағаттан жаттықтыратынын айтады.

Құрмет қарауыл ротасының мақтанышы 

– Бір қарағанда құрмет қарауыл ротасының сап түзеуі оңай сияқты көрінуі мүмкін,дейді кейіпкеріміз. – Бізде қателікке жол жоқ. Біз мемлекеттік деңгейде атқарылатын маңызды шараларға қатысатындықтан қателікке кешірім жоқ. Салтанатты жиындарда  сап түзейтін сарбаздардың  мүсіні мінсіз, қызметі қалтқысыз болуы үшін  әуелі көп жаттығуды, төзімді, шыдамдылықты қажет етеді. Төзімділік дейтінім, жыл маусымының қай мезгілі болса да сырт елде лауазымды қонақтар келетін болса біз әуежайда қарсы алып, шығарып салуға міндеттіміз.

– Офицер мырза, әскери адамдардың бойындай қандай қасиеттер басым болғаны дұрыс?

– Әрбір әскери тұлғада Отанға деген адалдық, батылдық, оқыс жағдайларда өз бетімен шешім қабылдай білу, тәртіптілік пен қырағылық, физикалық шыдамдылық, моральдық тұрақтылық секілді қасиеттер болуы керек.

Құрмет қарауыл ротасының мақтанышы 

Мемлекеттік күзет қызметінің Құрмет қарауыл ротасы жыл сайын Ресей астанасы Мәскеудің Қызыл алаңында өтетін «Спасск мұнарасы» әскери-музыкалық фестиваліне қатысып, оң баға алып жүргенін айта кеткен абзал.


Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға