Құралай Нұрқаділқызының «Әйел адамның кәсіби жетістікке жетуі» тақырыбындағы тренингі
Шын мәнісінде, бұл тренинг осыдан шамамен жарты жыл уақыт бұрын өткен болатын. Көптен бері отандық сән әлемінде көрінбей жүрген Құралай Нұрқаділова, сәуір айында Астанада өтетін Қазақстандық сән апталығына қатысатын болды. Танымал қазақстандық дизайнердің басқа уақыттарда сұхбат беріп жүретін уақыты тапшы болғандықтан, осы мүмкіндікті пайдалануды ұйғардық. Сәті түсіп, сол күні Құралай Нұрқаділқызынан сән көрсетілімі жөнінде сұхбат алдық. Сөз арасында Құралай ханым екінші күні Астанада әйелдерге арналған тренинг өткізетінін айтты. Тренинг жабық, шағын ортаға арналған екен. Алайда, ол жерде айтылатын нәрсе тек шағын ғана ортаға емес, еліміздегі жұмысбасты әйелдердің барлығына да қатысты болғандықтан, Құралай Нұрқаділқызы маған: «Жақсы, сен де кел. Бірақ бір шартым бар. Осы жайында жазасың,»-деді. Сонымен, шамамен жарты жыл өткен соң осы материал көптеген әйелдерге қажет деген оймен әрі Құралай Нұрқаділқызына берген уәдені орындау ниетімен жарияланып отыр.
Айта кететін жайт, Құралай Нұрқаділова әйгілі әлеуметтанушы Клаус Хилгерстен дәріс алған. Наварра университетінің (Испания) Отбасы ісі институтын тәмамдаған. Бұдан бөлек АҚШ-та маркетинг курсында оқып, көптеген танымал бизнесмендердің дәрісіне қатысқан. Жалпы, психология, маркетинг салаларындағы Құралай Нұрқаділованың тәжірибесі 17 жылды құрайды.
Құралай Нұрқаділованың «Табысты әйел формуласы» тренингісінен үзінді
...Егер адам оқып-білгенін, санасына түйген білімдерін «экологиялық» дұрыс пайдаланатын болса, ол өз өміріндегі көп заттарды жақсарта алар еді.
Сұрамаған адамға кеңес бермеу.
Психологияда мынандай үшбұрыш бар:
Мысал: Бұған қарапайым мысал келтіруге болады. Ана, ұл және келін. Ерлі-зайыптылар ұрысып қалды делік. Жігіт өз анасына болған оқиғаны айтып, әйелінің жағымсыз әрекететін баяндайды. Әрине, анасы баласын жақтайды да, келініне тиіседі. Бұл жерде жігіт –жәбір көруші, келін – жәбірлеуші, ал енесі - сот роліне кіреді.
Біраз уақыттан соң, ене мен келін арасында реніш пайда болады. Ара-қатынас ушығып, келін мен ененің арасында дау туады. Енді жігіт – сот роліне, ене – жәбірлеуші, ал келін – жәбір көруші роліне енеді. Жігіт қайсысына жақ боларын білмей дел-сал күйде болады. Бұл ролдердің ішінде сотқа ең ауыр тиеді. Өйткені ол біреуді жақтаймын деп, өзі жәбірлеуші болғанын сезбей қалады. Дәл осындай жағдай қызметте де, достар арасында да кездесіп жатады.
Бұдан шығатын қорытынды: Бұл үшбұрышқа мүлдем кірмеу керек. Егер сізге біреу-міреу шағымданып келсе, есіңізде болсын уақыт өте келе олар татуласады, ал сіз далада қаласыз. Сондықтан, сырттай бақылаңыз. Ешкімді де жақтамаңыз. Өйткені сіз оп-оңай сот роліне кіріп кетуіңіз мүмкін. Егер сіз белгілі бір рөлге енсеңіз, одан шығу қиын болады. Ол сіздің артық энергияныңызды әрі уақытыңызды алады және әдетке айналып кетсе, адамдармен қарым-қатынас құруға кедергі келтіреді.
Бизнес менің қатысуымсыз жұмыс істей алуы керек.
Біз әйелдер үнемі біреуге керек болғымыз келіп тұрады. Үй шаруасы, отбасы мүшелері үнемі біздің бақылауымызда. Оған отбасы мүшелері де үйреніп қалған, біз жоқ кезде бәрі шашырап кетеді.
Әйел адамның күн тәртібін шамамен мынадай кескінмен суреттеуге болады:
Әйел адам барлық істі өзімен байланыстырып қояды. Ол бизнеске келгенде де дәл осы тактиканы қолданады.
Әр қызметкердің жұмысын жеке бақылап, кейде өзі араласып кетіп тұрады. Ал, ер адамдар ше? Олар қол астындағы қызметкерлерді басқарған кезде, жұмысшыларға әйелдерге қарағанда көбірек еркіндік береді, яғни әр қызметкер өз жұмысын өзі бақылап, қадағалап, соған жауапты болады, керек жағдайда өзі шешім қабылдай алатын құзіреті болады. Сонда, іскер ер адам әйел әріптесіне қарағанда өзін барынша аз мазалауды талап етеді. Бұндай жағдайда әрбір жұмысшы бастыққа жалтаңдай бермей, өз бетінше жұмыс істеп үйренеді. Сөйтіп, бизнес ол жоқ кезде де жұмысын жалғастыра береді.
Мысал:
Жапондықтар басқарудың осы жүйесін қолданады. Әр директор өз саласын басқарады, сол деңгейдегі мәселелерді өзі шешеді. Директорға өздігінен шешім қабылдау мүмкіндігі берілген. Оның қарауындағы қызметкерге де дәл солай. Қызметкер өз деңгейіндегі мәселені өз шешеді. Сонда басшыға директор күніне бір рет хабарласуы мүмкін. Онда да аса қажеттілік туындаған жағдайда. Өзгелерге де басқару мүмкіндігін беріңіз.
Мақсаттың орындалу коэффициенті
Кез-келген адамның мақсаты бар. Ол мақсаттың қаншалықты орындалатынын анықтау үшін келесі кестені пайдаланамыз. Егер сіз мақсатыңызды 100% орындай алатын болсаңыз 1 деп қойыңыз, егер 50% болса – 0,5, 30% - 0,3 солай кете береді. Әр бөлімге өзіндік баға қойып шығыңыз. Қорытындысын шығару үшін төртеуін көбейту керек. Кестенің бірінші жолында А деген адам тілді меңгеру бойынша өзіне мақсат қойды. Ол 100 пайыз мақсатын орындай алады, орындағысы келеді және орындап жатыр. Яғни оның қорытындысы бірге тең, ол дегеніміз - 100 пайыз. Ал келесі мақсаттың қорытындысы 0,36 немесе 36 пайыз, яғни оның мақсаты бар болғаны 36 пайызға орындалады.
№ |
Жасай аламын (могу) |
Жасағым келеді (хочу) |
Жасай білемін (умею) |
Жасап жатырмын (делаю) |
Қорытынды |
1 |
1 |
1 |
1 |
1 |
1 |
2 |
0,9 |
1 |
0,5 |
0,3 |
0,36 |
3 |
|
|
|
|
|
Бұл жерде есте ұстайтын нәрсе, егер қорытынды сан 30 пайыздан төмен болатын болса, мақсат орындалмайтынын біліңіз. Енді сіз өз мақсатыңызға қаншалықты қол жеткізе алатыныңызды есептей аласыз.
Айта кету керек, бұл мақалада тренингтен аз ғана үзінді келтірілген. Әрине, оны толықтай жариялайтын болсақ, біз автордың құқығын бұзамыз. Сондықтан, осы айтылғандардан жаңа нәрсе үйренсеңіз тренингтің өзіне қатысуға кеңес береміз. Ол жерден әкімшілік басқару ісіне, адамдармен дұрыс қарым-қатынас құру, мақсатқа жетудің әдістері және әйел адамның өмірдегі ролдеріне қатысты көп мағлұмат ала аласыз. Өз кезегінде пайдалы кеңестерімен бөліскен Құралай Нұрқаділқызына алғыс білдіргім келеді.
Материалды әзірлеген - Қаламқас Нұрмақова
Инфографика - Арман Қалибекұлы