Жаңалықтар

Құпия тұмар кімдікі?

«Мөр – шәриф» атты тарихи жәдігер туралы танымдық материал
03.03.2015 09:21 7111

Мөрді сақтап отырған Мағфура Сәдуақасқызы Макенова және інісі Ғабит Қалтай ұлы

Қазақтың ұлы ханы Абылайдың 300 жылдығын тойлау дайындығы кезінде ханның Шыңғыс деген ұлынан тараған Сансызбай Мұхитанов деген ағамызбен бірге жұмыс жасадық. Бірде Уәлиханның мөрі Көкшетауда бір апайда сақтаулы жайлы әңгіме қозғады. Қызығушылығым оянып, апайды іздеп барып, мөрді көрдік. Мөр Мағыфура Сәдуақасқызы Мәкенова (Мақы) апамызға әкесі Сәдуақастан қалған мұраның ең құндысы екен. Сәдуақас Мақыұлы 1969 жылы 82 жасында қайтыс болыпты. Мөрді әкесі «Мөр- шәрифә» деп атағанын, мөр әкесіне қайдан және қалай келгені жайлы Мағыфура апамыз бұрында, қазір де анық айта алмады. Бірақ, мөр деуге келетін емес.  Қара түсті пластмасса сияқты затқа арабша ойып жазған сөздер екен. Щеңбер үшке бөлінген. Ортаңғы кіші шеңберде «Аллаһ»; келесі шеңберде Мұхаммед ( Мұхаммед с.ғ.с), Әбубәкір, Омар, Осман, Али, Фатима, Хасан, Хусейн; сыртқы шеңберде құранның «Кеһф» сүресіндегі әулиелердің аты жазылған екен. Өкініштісі, әулиелердің есімдерін толық оқитындар  табылмады.  Араб әліпбесінде жазылған  сөздерді оқыған діндарлар  Уәлиханның аты жазылғаны жайлы ештеңе таппады. Пішіні, жазған жазулар  мөрге ұқсамайды. Қағазға сиямен басқанда қағазға түспейді екен. Осы жайды саралай келе тұмар деп атауды жөн көрдім. 

Құпия тұмар кімдікі?

Мөр жайында 1985 жылы басылған С. Мұхтарұлының  «Шоқан және өнер» деген кітабында біраз мәліметтер бар екен. Өз ойымды түйіндемес бұрын кітаптағы мәліметтерден қысқаша келтірейін. Кітапта тұмарды  Сәдуақас Мақыұлы «Мөр – шәриф» деп атағаны айтылып, осыған сай сөздік тұрғыдан  «Ұлы мөр» деп атапты. Кітаптата да мөр еместігі, бетіндегі таңбалардың бедері сиямен басқанда қағаз бетіне түспейтіндігі жазылған. Осы жайларды ескеріп С. Мұхтарұлы төмендегі жорамалын жазған. Жорамал бойынша: Мақының шешесі Айғанымның әкесі Сарғалдақтың тегі – қожа. Қожа Ахметтің  туған інісі Садыр Шайхтың ұрпағы.  С. Мұқанов «Аққан жұлдыз» тарихи романында Сарғалдаққожаның Бұхарада отыз жыл оқып, он екі пәнді тәмәмдаған ғұлама екенін  келтіріп, «Мөр- шәриф» жайлы қысқаша дерек беріпті. Онда тұмарды Айғанымға, одан Мақыға қалай жеткені жайлы жазылған.  Сарғалдаққожа Меккеге Қажылыққа барғанда Мединедегі Мұхаммед (с.ғ. с) пайғамбардың зиратының шырақшысы сыйлаған.  Мөрді  Сарғалдаққожа қызы Айғанымға сыйлаған. «Мөр – шәриф» құран секілді Айғанымға әкесінен аманатқа қалса, Мақы ұрпағына қалуынада жүйелі сыр барын жазыпты. Оны былай келтіреді. Мақы туғанда сап-сау болған. 5- 6 жас кезінде ауруға шалдығып ессіз қалады. Оны өлдіге санап, жерлейді.  Бірақ, Мақының сүт анасы баласының тірі екенін айтып қоймаған соң, қайта қазып алса тірі болып шығады. Сонда, шошынғанан мылқау болып қалған деген деректі С. Мұхтарұлы келтіреді. Екінші дерек те осыған ұқсас.  Мақының туған елі Сырымбет халқынан алған деректі С. Мұқановтың «Аққан жұлдыз» романына енгізіпті. Романда Мақының азан шақырып қойған есімі Әбу – Мұхаммет. Бес жасында сүзекпен ауырып, қайтыс болады. Мезгіл қыс. Мақыны кигіз үйге оң жаққа салады. Бірақ, Мақы шала өлгендіктен қайта тіріледі. Осы кезде суық тиіп құлағы, тілі байланып қалған. Мақының мүгедек болып қалғанын көрген Айғаным Меккеден Сарғалдақ әкелген медальонды бойтұмарға берді деп жазған. Айғанымның аса діндар болғанын кітапта атап өткен. Кітап кеңес заманында 1985 жылы жазылғандықтан бұдн артық нәрсе жазуға болмағанда шығар. Бұл деректі Макенов (Мақы) Ғабит та растайды.

Ақмола облыстық өлкен тану мұражайында тұрған Уәлиханның мөрінің көшірмесі

...Тұмар қәзір Көкшетау қаласында тұратын  сексеннен асқан апамыз Мағыфура Сәдуақасқызы Макенова (Мақы) қолында тұр. Кеңес заманындағы әдетке сай Мағыфуға апамызды Зоя деп атап келген. Көп жылдар партия және  саяси салада қызмет еткен. Бауырларын жеткізем деп жүріп, тұрмыста құра алмаған. Төре тұқымы екенін жасырып келген. Қызметіне өте адал, белсенді болғаны кей сөздерінен аңғарылып тұрды. Соның өзінде артық-кем айтып қоям ба деп, әр сөзін ойлана айтып отырды. Мөр әкесінен          қалды дегеннен артық ештеңе айтпады. Әкесіне қалай келгенін білмейді. Ешкімге көрсеткісі келмейді. Мөрді  екінші рет Сәдуақастың немересі Қалтайдың ұлы Ғабит арқылы барып көрдім. Ғабит қызметте болған, көзі ашық азамат екен. Атасы Мақыға тартқан өте шебер екен. Үйіндегі қолдан жасаған ағаш мүсіндерін тамашалатты. Шебер болғанымен өнер саласынан алыстау болыпты. Бірақ, талант қойсын ба, бос уақытында біршама туынды жасаған.

Ғабит та тұмардың әкесіне қалай келгенін басып айта алмады. Тек атамыздан қалған мұра деуден аспады. Мөрді атасының көзінің қарашығындай сақтағанын, бірде мөрді жоғалтып, алып қайта тапқаны жайлы Ғабит еске алды.

Ғабит Қалтайұлы  Макенов өзі жасаған туындыларының қасында

Бірда сабақтан келсем атам балаша егіліп жылап отыр екен. Шошып кеттім. Не болғанын сұрасам. Бітті құрыдым, құрттым, жоғалттым деп боздайды. Жүгіріп анамнан сұрасам атаң ана, қойнына тығып жүретін затын жоғалтып алыпты. Соны іздеп таба алмай жылап отыр дегені.  Тұмарды әдейі тіккен дорбаға салып, мойнына тағып, қойнынан тастамайтын. Бірақ бізге көрсеткен емес. Атама жүгіріп келіп қашан, қалай қайда барғанын сұрадым. Ол моншаға барғанын, сонда қалдырғаны айтты. Енді табылмайды деп егіліп жылайды. Мен де атамды аяп, қосыла жыладым. Велесипедіме міне салып моншаға тарттым. Моншаға көз жасыма көміліп, сора-сорам шығып барсам керек. Моншадағы жуан орыс әйел «Чо Макенчик» – деп баж етті де, «За каменями пришли?» деп дорбаны ұстатты. Ашып қарасам дөңгеле зат. Ортасында мен білмейтін жазу жазылған. Үйге қарай ызғыттым. Жүгіріп келіп атама мынау ма дегенде, отырған атам орнына аңырайып тұра алмай қалды. Қолына ұстатқанда ашып жіберіп тұмарды сүйіп жатқаны әлі көз алдымнан кетпейді. Қуанғанына мені де құшақтап сүйе беріп еді – деп еске алады.

Біздің жорамалымыз бойынша бұл мөр емес, тұмар деп түйдік. Ал Макеновтардың / Мақы әулетінің/ қолына қалай келгені жоғарғы деректерді негізге алғанымыз жөн. Сарғалдаққожа Абылай ханға қарындасын берген туыстығы  ордасында имам, молда болғаны, қажыға барғаны, тарихи деректерде айқын жазылғаны, тұмардың қайдан шығып, қайда келгені жайлы аз мәлімет осы. Бұған алып қосарым жоқ. Анығы бір Аллаһқа аян. Тек, құнды жәдігер қайда болсада, аяқ асты қалмай тисті орнында тұрса болғаны.


                                          Дахан Шөкширұлы Жәмші

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға