Жаңалықтар

"Қош сау бол, Қарқаралы, жуылмаған..."

М. Әуезов А. Байтұрсынұлы туралы.
16.10.2014 08:41 5166

Сол доностың арқасында 1907 жылы Қарқаралы қаласында Ахаңды  жолдасымен абақтыға салған. Қарқаралы тұтқынында аз уақыт отырған соң «жазалыларды» Семейге айдаған. 12 жыл өмірін өткізіп, еңбегі жанбай айдалып бара жатқанда Ахаңның қайғылы көңілінен шыққан ауыр сөздің бірі: Қош сау бол, Қарқаралы, жуылмаған, Айдай бер, қалса адамың қуылмаған, – деген өлеңінен анық көрінеді. Семейде сегіз ай абақтыда отырған соң бір жарым жылға (административтік ссылкаға) айдау ретімен Орынборға келген. Орынборда сол тұрған жыл- дарындағы əуелгі ниет қылған бетінен тайынбай, бұрынғыдан ащырақ, күштірек тілмен «Масаны» жазған. Қазақ оқушысына естілген екінші елшілдік ұраны «Маса» болатын.

Бұл кітабы шыққан кезде Уфадағы «Ғалияда» оқып жүрген қазақ шəкірттері тырбанып, талап қылып, қазақша газет шығармақшы болған. Керекті қаржыны елден жиып, өз орталарынан шығарып, газеттеріне шығарушы болуға Ахаңды белгілеген.

Қазақтың ол кездегі ерте оянған тобының бірі «Ғалия» шəкірттері еді, солардың талабымен кейінгі уақытта атақты болған «Қазақ» газетіне алғашқы негіз салынған. Ахаң шығарушы болып, «Ғалия» шəкірттері көмекші жазушылары болып, Орынбордағы орыс школында жүрген барлық қазақ бала- сы басқарманың қара жұмысшылары болып, көптеп-көмектеп алғашқы сандарын шығара бастаған. Артынан «Қазақ» нығайып, өзін-өзі алып жүріп кетті.

Он  жеті  жылдың  төңкерісіне  шейін  Ахаңның  уақыты «Қазақ» газетімен бірге өтті. Бұнда да «Қазақтың» сатылған тілмəштары жасаған доностары аз болған жоқ. Əлденеше рет «Қазақты» жаппақ болған, штраф төлеткен, Ахаңды абақтыға салмақболғанкүндерібізгебелгілі. Бірақ Ахаңныңденсаулығын ойлап, халін ұққан жолдастары абақтыға жатқызған жоқ. Үкі- меттің тілеген штрафын беріп босатып алды.

1917 жылдың төңкерісінен бері Ахаңның істеп жүрген қызметі, жазып жүрген кітаптары, сөздері жұрттың көбіне белгілі болғандықтан одан бергі жайларын көп жазбақшы емеспін. Осы күнде Ахаң Орынборда. Басынай кешкен толқынды күндер сақал-шашына ерте күннен ақ кіргізіп, бетіне əжім түсірсе де əзірше дені сау, жас күнінен көңілі сүйген қызметі болғандықтан Орынбордағы қазақ институтының һəм басқа қазақ баласы оқыған мектеп- тердің оқытушысы болып жүр. Мектептен босаған уақытта қазақ мектептеріне керекті кітаптар жазады.

Бұрынғы оқушыларға белгілі «Тіл құралы», «Оқу құрал- дарынан» басқа соңғы жылдарда «Əліппе астарын» һəм қазақ- ша жазған. Бұл соңғы кітабы осы күнде Орынборда басылып жатыр. Жаңадан алған хабарға қарағанда, былтырдан жазып жүрген «Мəдениет тарихы» деген кітабын осы күнде бітіріпті. Жақында о да басылып шықса керек. Ахаң соңғы жылдардағы уақыттың бəрін қазақтың  мектебіне  сарып  қылып,  істеген ісі де, жазған жазуы да соған арналған. Сондықтан бұрынғы уақыттағы жас буынның əлсіз ойын тербеткен, жүрекке жылы тəтті өлеңдерін соңғы жылдары ести алмай жүрміз.

Бірақ Ахаңның бұрынғы айтқан сөзін əлі қазақ баласы ұмытқан жоқ, өлеңіндегі белгілі сарын əлі ескірген жоқ.

Əлі күнгі қазақ даласының күшті сарыны болып, Арқаның қоңыр желімен бірге есігі, шалқып жатыр. Бұдан 10–15 жыл бұрын: Алаштың үмбетінің бəрі мəлім,

Кім қалды таразыға тартылмаған? – деп Ахаң айтса, біз де осы күнде соны айтамыз. Айналып келіп таразыға тартылған, сыннан өткен деп Ахаңның ғана ардақты атын атаймыз. Одан басқа жалпақ елдің сынына толып, мейірін қандырған кісілері санаулы. Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған əдебиеттегі елшілдік ұраны – «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің  1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласы- на істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайратын біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын. Оны жұрттың бəрі де біледі. Бұның шындығына ешкім де дауласпайды. Сондықтан 50 жылдық тойын істеп отырған қуанышты күнде Ахаңа біздің айтатын сөзіміз: «Ахаң – еңбегі жанған жанның бірі. Істеген ісінің жемісі – артынан келе жатқан жастар. Оның арты Ахаң мектебіне тізіліп, кіріп жатқан жас буын, жаңа өсіп келе жатқан қазақ əдебиеті Ахаңды өзінің басшысы деп санай- ды». Қаламынан тамған бал ем болудан айнымайды. Əлі де болса, өмірінің ұзақ болып, еңбегінің өнімді болуын тілеуден қазақ баласы қайтпайды.

1923 жыл.

Ел - шежіре

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға