Жаңалықтар

Ғұндар туралы

Б.з.б. 1-мыңжылдықта қалыптасқан. Бастапқы кезде Солтүстік Қытайда, Моңғолияда, Байкал өңірінде қоныстанған.
16.10.2014 08:24 6138

swq

ҒҰНДАР, хундар (грек. Hunnoі, лат. Chunnі, Hunnі) — ежелгі дәуірдегі тайпалар одағы, түркі халықтарының арғы тегі. Б.з.б. 1-мыңжылдықта қалыптасқан. Бастапқы кезде Солт. Қытайда, Моңғолияда, Байкал өңірінде қоныстанған. Ежелгі Қытай жылнамаларында ұ. “гуй фаң”, “гун руң”, “хун ю”, “шиан ю”, ”шиұң ну” секілді атаулармен берілген. Б.з.б. 3 ғ-дың соңына қарай ұ. бірігіп әскер түзеп, өздерінің мемлекетін құрды. ұ. 24 руға бөлінген, оларды бектер биледі. Әрбір рудың көшіп жүретін өз жері болды. Жоғары билеушісі “тәңірқұт” лауазымын иемденген. Қытай деректерінде ұ-дың жоғары билеушісі “шаньюй” деп аталады. ұ-дың өмірінде көшпелі мал ш. басты рөл атқарды. Жылқының асыл тұқымдарын өсіріп, ат баптауды жетік меңгерген ұ-дың ішінде отырықшы тұрмыс кешіп, егіншілікпен шұғылданғандары да болған. ұ. дәнді дақылдың ішінде тарыны көп өсірген. Кен қазып, металл қорытқан. Қолөнері мен бейнелеу өнері жоғары деңгейде болған. Зергерлік өнердегі полихром стилін дүниеге әкелген. Ат сайыс ойындарының негізін салған. Көк тәңіріне табынып, ата-баба рухына сиынған. Өздерінің дәстүрлі құқық жүйесін қалыптастырған. Онда, негізінен, мыналар көзделген: “Ұрлық жасап, кінәлі болғанның жері алынады, шайқаста жаудың басын шауып алған немесе оны тұтқынға алған адамға бір кеспек шарап сыйланады, қолға түсірілген олжа соған беріледі, ал тұтқынға алынғандар соның құлдары мен күңдері етіледі; ұрыс алаңында қаза тапқан адамның сүйегін кім әкелсе, оның отбасының бүкіл мүлкін сол алады”. ұ. өз арасында қылмыс жасап, айыпты болғандардың бетін тілген. Тілінген беттің тыртығы бұрынғы қылмысын білдіріп тұратындықтан, ондай адамдардың қайта қылмыс жасауға батылы бара бермеген. Себебі, келесі жазаланғанда өлім жазасына кесілетін. ұ. соғыс тұтқындарын құл қылып, оларды үй қызметшілері, бақташылар, қолөнершілер және жер жыртушылар ретінде пайдаланған. Ер азаматтарының барлығы дерлік қатардағы жауынгер саналған. ұ. әскерінің негізі атты әскерден тұрды. Салт атты жауынгерінің қару-жарағы — садақ, семсер, қанжар, найза, бұғалық (ұры құрық). ұ-дың жауынгерлік құдыретінен сескенген қытайлықтар Ұлы Қытай қорғанын салдырған. ұ-дың күшті мемлекет болып отыруы қытайлықтарға ұнамады. Олар ұ-ды әлсіретудің жолын іздестіре түсті. Б.з.б. 209 жылдан ұ-ды Модэ (Мөде) басқарды. Модэ билік еткен алғашқы жылдардың өзінде-ақ Қытайдың шекаралық аудандарына жорықтар жасап, оған күйрете соққы берді. Кескілескен күресте әскери-саяси қуаты басым Хань әулетін ұ-дың Ордостағы көшіп жүретін жерлерінен дәмеленбеуге мәжбүр етті...

 Әдеб.: Иностранцев К.А., Хунну и гунны, Л., 1926; Бернштам А.Н., Очерк истории гуннов, Л., 1951; Кюнер Н.В., Китайские известия о народах Южной Сибири, Центральной Азии и Дальнего Востока, М., 1961; Гумилев Л.Н., Хунну. Средняя Азия в древние времена, М., 1960; его же, Хунны в Китае, Л., 1974; Баҝаеддин Өгел, Ұлы хұн империясының тарихы, 1 — 2-т., А., 1998; Бичурин Н.Я., Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена, т. 1, А., 1998. Қазақ Энциклопедиясы

                                                                                                                                С. Өтенияз

 

 

 

 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға