Жаңалықтар

Ғұн

“Алдымен Ғұн ұлты, сосын оның “Ғұн” деген аты пайда болғанына титтей де күман жоқ. Сондықтан “Ғұн” деген сөздің этимологиясын талқылаудан бұрын
20.08.2014 09:13 8207

“Алдымен Ғұн ұлты, сосын оның “Ғұн” деген аты пайда болғанына титтей де күман жоқ. Сондықтан “Ғұн” деген сөздің этимологиясын талқылаудан бұрын, Ғұн ұлтының төркінін талқылауымыз табиғи”  дейді Сун Жян дейтін ғалым. Жөн сөз.

Ғұн қағанаты мен ғұндарды зерттеген ғалым көп. Тек Кеңестер Одағының өзінен түрколог ғалымдар Лев Гумилев, С. Кляшторный, Л. П. Окладников, Əлкей Марғұлан, О. Сүлейменов, Манаш Қозыбаев, Мəмбет Қойгелдиев, Əбдуəли Қайдар, Рахманқұл Бердібай, Ақселеу Сейдімбек, Қойшығара Салғара, Мырзатай Жолдасбековтердің еңбектері де төбе-төбе. Қытайдағы Уаң Биңхуа мен Уаң Миңжы, Жақып Мырзаханов пен Жақып Жүнісұлы, Шадыман Ахметұлы, Қытайдан Қазақстанға барған Нəбижан Мұхаметханұлы, Бақыт Еженханұлы, Əлімғазы Дəулетхан сықылды ғалымдар бұл іске тіпті күшті серпін берді. Ал, оған өзге ұлт пен басқа ел ғалымдарының зерттеулерін қосыңыз. Мен міне осылар сықылды əлемдік ғылыми зерттеулердің ең соңғы жəне нанымды табыстарын жетекке ала отырып сөз қозғаймын.

Ғұндар осы Ұлы Даланың байырғы тұрғындары сақтардың бір бөлігі болатын. Ғұн қағанаты - Сақ хандықтарының недəуір бөлігінің тіке жалғасы, тіке мұрагері. Біздің сөзіміздің негізгі түйіні болып отырған үйсіндер, ғұндардан бөлініп шыққан бау ғана емес, қай жағынан қарағанда да Сақ, Ғұн халқы мен оның мəдениетінің бір бұтары. Бертін келе, сақтардың екі үлкен тобының бірі - үнді-еуропа тілділері Ұлы Даланың батысын, енді бірі - Алтай (əсіресе түрік) тілділері оның шығысын иемденіп, жіктеле бастады. Дегенмен бірінің ішінде екіншісі де өмір сүре берді. Берірек келгенде бұл Ұлы Даланы түрік тілділер басты жəне өзге тілділерді түрік тілді етіп жіберді.

Ғұн қағанаты - Орта Жазық елімен кемінде 300 жылдай араласқан, шайқасқан, кейін келе, талай жұртын Қытайға беріп, батысқа ығысуға мəжбүр болған, өз бөдүнінің (халқының) көбін Орталық Азия мен Қазақ сахарасына тастап, енді бір бөлігін батысқа ертіп, бүкіл еуропаны дүр сілкіндірген империя. Сондықтан Хəн жəне Батыс жылнамаларында оған берілген орын аз емес.

Б. з. б. ІІІ ғасырдың соңын ала Тұман (Түмен) хан елі күшейді. Ол осыған дейін өзінен күшті болып келген, сондықтан да Мөде (Бөдүн, Бағтұғ) дейтін ұлын ақ үйлі аманатқа ордасына апарып берген Ұлы жүзге шабуыл жасады. Ұлы жүз қолынан амалын тауып аман құтылған Мөде батыр еліне оралып билікке араласты. Көп ұзамай əке орнына таққа шықты, маңындағы сақ тайпаларының басын біріктіріп, тарихқа əйгілі Ғұн қағанатын құрды. Б. з. б. 176 жылы, оның Хəн əулетінің Уынди патшасына: “Оң білге ханды жазалап, батыстағы Жүзге шабуылдадық. Тəңір тəлейді беріп, сардар-сарбаздар сайлауыт, ат-тұрманы мығым болды да, жүздерді тапап, қырғындап бағындырды. Кроран, Үйсін, Хужие (қыпшақ. - С. Ж. ) елдерін жəне олармен іргелес 26 елді басып, түгел Ғұнға қостық. Барлық садақты халайықты бір мемлекетке айналдырдық”  дейтіні осы кез (“Садақты” дегендегіден жоғарыда айтылған “сақ” есіңізге оралған болар).

Сұлтан Жанболат, "Ежелгі ұлыс тарихы"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға