Құмай түріктік археологиялық-этнографиялық кешені
2014 жылғы 27 қыркүйекте (өткен сенбіде) құрамында ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Камал Бұрханов, Мемлекет тарихы институтының директоры Аяған Бүркітбай және тарих ғылымдарының докторы Зиябек Қыбылдинов сынды Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бір топ тарихшы ғалымдары Астанадан жүз он шақырым жердегі Құмай түрктік археологиялық-этнографиялық кешенінде болып қайтты.
Ақмола облысының Ерейментау ауданы, Бұйратау бауырына орналасқан кешен 2009 жылы жүргізілген барлау жұмыстарының нәтижесінде ашылған. Мұндағы ескерткіштер түрк мұрасының озық үлгісі. Ертедегі қола, түрік дәуірлерінен сыр шертетін ескерткіш-мүсіндер біріне-бірі жақын орналасқан. Бұл жердің Құмай, Ершоқы, Жаушоқы, Қос батыр аталуының өзі де осы өңірдің қасиеттілігі туралы ойды бекемдей түседі.
Әсіресе, тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде, одан кейінгі уақытта да түрік мұрасының сақталып, ғұрыптық құрылыстардың, тас мүсіндердің, қоршау қабырғаларына түсірілген ру таңбаларының күні бүгінге дейін сақталып жетуі таңдандырмай қоймайды.
ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Камал Бұрханов осындай асыл қазынаны талмай зерттеп жүрген белгілі археолог ғалым, жоба жетекшісі Айман Досымбаеваға үлкен алғыс сезімін жеткізе келіп, ескерткіштерді зерттеу, қайта қалпына келтіру мен сақтауды жалғастырудың маңыздылығына тоқталды. – Бұл жерде ұрпақтары ата-бабаларына мәңгілік ескерткіштер орнатып, оларды соңғы сапарға шығарып салғаны көрініп тұр. Түрктер бұл жерді аса бағалы әрі киелі символ ретінде таниды. Қараңыздаршы, бабаларының мүсіндерін тасқа бедерлеп, оларды кең далада орнатып, ата-бабаларының сенімін ақтауға, бабалар жерінің киелілігін қорғауға ант еткен. Жастарды отаншылдыққа, патриотизмге баулиды. Бұл жер ашық аспан аясындағы археологиялық-этнографиялық мұражайға сұранып-ақ тұр. Сырт көз сезіне бермеуі мүмкін, тарихи кешенді аралаған адам Астана қонақтары үшін дайын тұрған тағылымы мол тарихи орын екенін бірден бағамдайды, - дейді Мәжіліс депутаты.
Жоба жетекшісі Айман Досымбаева БАҚ өкілдеріне зертеу жұмыстарының кешенді жүргізіліп жатқанын әңгімелеп берді. – Біздің еңбек барлаудан, жаңадан ашылған ескерткіштерді құжаттаудан және зерттеуден тұрады. Негізгі құжат ескерткіш жайындағы толық ғылыми ақпаратты, есеп картасын, ескерткіштің қысқаша сипаттамасын, графикалық сызбасы мен фотосын қамтиды, -дейді ол.
Тарихи орынға табаны тиген адамды ең әуелі Құмай, Ершоқы, Жаушоқы, содан кейін Қос батыр қарсы алады. Қос батыр түріктік мәдени кешені Құмай өзенінің сол жағалауында, Қарағайлы ауылына жақын жерде орналасқан. Кешегі тарихтан сыр шертетін кешенде екі батырдың мүсіндері қатар тұр. Бет-әлпеті анық. Ер адам мүсіні дәстүрлі түрік стилінде бедерленген. Кеуде тұсында оң қолымен ұстаған кубок тәрізді ыдыс, сол қолында кішкене қанжары бар. Бұл ата-баба антына адалдық деген сөз.
Тарихшылардың айтуынша, бұл ескерткіштер 2006 жылы Ерейментау ауданының музейіне қойылыпты. Кейін облыстық мәдениет басқармасы, аудан әкімі орынбасары және музей дирекциясымен жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде мүсін қайтарылып, бастапқы орнына қайта орналастырылған.
Болашақта Айман Досымбаева бастаған ғалымдар Құмай түріктік археологиялық-этнографиялық кешенін ғылыми тұрғыда зерттеуді жалғасыра түспек. Археолог ғалымдардың сөзіне қарағанда, бұл тарихи орын ашық аспан астындағы мұражай, білім жолындағы мамандар мен жастарға дәріс өткізетін зертхана, республикалық және халықаралық туризм орталығы ретінде пайдалануға жол ашады.
Біздің де бұл пайымға келіспеске лажымыз жоқ, Құмай түріктік археологиялық-этнографиялық кешені шындығында аспан астындағы мұражайға сұранып-ақ тұр. Алдымызда ЭКСПО...
Базарбек ТҮКІБАЙ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі