Жаңалықтар

"Ұлы Дала өңірінде талай қала болды"

Ұлы Даланы мекендеген Сақ тайпаларының, олардың кейінгі бұтарларының өзіндік тамаша төл мəдениеті мен төл өркениеті де барлығын айқын да баса ескерте алмай жүр.
15.10.2014 12:31 3681

Бұған қоса баса ескерте кетерлік бір шындық тағы бар. Ол – жұрт мойындаған бір ақиқат – Ұлы Жібек Жолының ең алғашқы даңғылы осы жайлау жібек жолының - Ұлы Даланың солтүстік өлкелерінің маңыздылығы, құрлық жібек жолы қолданудан қалғанша бұл өлкелердің өзінің жаз күндерінде (Такламакан жақ “тандырға” айналғанда) ең жайлы болатын рөлін жоймағандығы, соған орай жоғарыдағы екі ғалым сөзінің бұл тұс үшін тіпті де тиесілі болатыны.

Ұлы Дала өңірінде талай қала да болды. Үнді елінде туылған неміс ғалымы, əйгілі шығыстанушы Һанс – Жоахим Климкейт «Die Seidenstrasse» деген кітабында: Ұлы Даланың “Бұл жасыл алқаптарындағы қалалардың ең маңызды жағы – олар жоғарылау заттық жəне рухани өркениеттердің əйгілеушісі болды, жаңа техникалар мен идеяларды қабылдап қана қоймай, бұл соны техника мен тың идеяларды іргелестеріне таратып та жатты. Сөз боп отырған жоғарылау мəдениеттің бір белгісі – жазба форма. Мұндағы ерекшелік – толып жатқан (жиыны 24 түрлі) əр алуан жазуларды қабылдауы. Бұл Орта Азия жасыл шұраттарының сыртқа қарата есігін айқара ашқандығын білдіреді. Қазір бұл жасыл алқаптардан 16 түрлі тілмен жазылған дүниелер табылып отыр... Жібек Жолындағы регионның ерекшелігі Иран, Үнді жəне Қытай өркениеттерін ұштастырып бір тұлғаға айналдырғандығында... Жібек Жолының маршруты, негізінен түгел дерлік, құмды шөлдер мен Ұлы Дала районын ендей өтіп, ұлы тау сілемдерін жиектей шашыраған жасыл алқаптарды бойлаған... Жиірек қолданылған маршрут - соғдылар дəуірлеген Сыр дариядан шығып, құрлықпен – Қазақ даласы мен Каспий ойпатын басып өтіп, Каспийді орай доға жасап, Қара теңіз жағасындағы Қырымнан кемеге отырып Грекия мен Римге бару. Қытайдың жібек бұйымдары Римге осы маршрутпен барған” дейді.

Байқадыңыз ба? Бұл үшеудің лебізінде негізінен шындық айтылып тұр.

Енді кейбір ғалымдар Ұлы Дала көшпенділерінің өзге мəдениеттерге өте маңызды көпірлік рөлін айтса да, Ұлы Даланы мекендеген Сақ тайпаларының, олардың кейінгі бұтарларының өзіндік тамаша төл мəдениеті мен төл өркениеті де барлығын айқын да баса ескерте алмай жүр. Ал, тағы бір ішінаралары оларды, еш отырықтылығы жоқ, сыпыра көшпенді, тіпті із де қалмаған “қаңбақел” (тіпті жабайылар) деп те қарайды. Олар бұл өңірдің төл тума мəдениеті тұрмақ, өзге тұстағы байырғы өркениет көздерін тұтастырған тоғыз жолға (шығыстағы Хəн, шығыс - оңтүстіктегі Үнді, оңтүстіктегі Мысыр, Қосөзен, батыстағы Рим мен Грекия, т.б.) торап болуы мен ерте “қанат біткенінің” (адамзаттың ең алғаш атқа мінген тобы болуының!) басты қасиеті мен жемісін ескере бермейді. Сонымен олардың қолынан шыққан «Дүние тарихы» бүкіл дүниенің тарихы бола алмай жүр.

Міне осы себептен бүгінде, “Əлемдік адамзат мəдениетінің бір ірі шеңбері болған көшпенділер мəдениетіне əсте немқұрайды қарауға болмайды. Өйткені ол - адамзат тарихындағы, пайда болған уақыты ең ерте, əлемдік ықпалы ең көлемді, өміршеңдік қуаты ең күшті мəдениет шеңбері” дейтін өрелі ғалымдар көбеюде. Біз сөз қылғалы отырған Үйсін - осы Ұлы Дала кіндігіндегі жартылай отырықшы, жартылай көшпенді ел.

Амал не, бұл дала, сол қатарда Үйсін туралы арғы деректер тым жай басталған. Матсуда Хисао: “Ұлы Тəңіртау мен оның төңірегіндегі ахуал б. з. б. ІІ ғасырдың соңына шейін неге қара сарапшаңмен мүлде бүркеулі жатты? Бұл негізінен тарихи деректердің кемдігінен болды. Əзірше Геродоттың шығармасын ауызға алмасақ, негізінен алғанда, маңындағы қимылды тəптішті хаттау жөнінен əлемде біріншілікті ұстайтын хəндер назарының бұл тұсқа түспеуі - мұның ең зор себебі” дейді. Бұдан сіз əрі бұл өңірдің небір келелі оқиғаларға толы екенін, əрі əлем тарихы үшін хəн жылнамаларының өте маңыздылығын сезесіз.

Сұлтан Жанболат, "Ежелгі ұлыс тарихы"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға