Жаңалықтар

Құлсары батырдың денесі неге Жалғызтау жеріне жерленген?

Құлсары бабамызды зерттеушілерге көлденең тартылып отырған сұрақтың бірі – бабаның денесі неге Жалғызтау жеріне жерленген?
03.09.2014 13:25 6450

Құлсары бабамызды зерттеушілерге көлденең тартылып отырған сұрақтың бірі – бабаның денесі неге Жалғызтау жеріне жерленген? Бұл орынды сұрақ, өйткені қазақ халқының ата дәстүрі бойынша мүмкіндігінше қайтыс болған адам өзінің атақонысына, бабаларының зиратына жерленуі керек. Құлсары батырдың Қызылжар өңіріндегі атақонысы, яғни Атығай атасының Құдайбердіден тарайтын Ырыс ұрпақтарының атақонысы Есіл өзені бойымен алғанда қазіргі Николаевка селосынан бастап Петропавл қаласына дейінгі аралық жерді алып жатады екен.

Орыс архивтерінің деректері Құлсары әулие бабамыздың Атығай тайпасының Құдайберді атасы елінің старшинасы болған уақыттағы қонысы қазіргі Бескөл, Архангелка селоларының маңы болғанын анықтайды. Осы араға орыстардың Құлсарыға ағаш үй салып бергені де жазылған. Осылай бола тұра неге Жалғызтау жеріне жерленген?

Біріншіден, Жалғызтау Құлсары батырдың жаз жайлауы болған екен. Бұған дерек мынадай: «Орынбор облысы мемлекеттік архиві: РГАДА. Ф. 248, оп. 113, д. 864, л.13­19. О секретном деле. Государственной Военной коллегии. Тайного Кеңесника и Оренбургской губернии губернатора Давыдова.

...Абылая владения киргизцы (қазақтар – С. Жұмабаев), и старшины Кулсары и Куле (Кулеке – С. Жұмабаев) кочевание имеют за Ишим­рекою, и следуют кочевьями все улусы вверх по течению реки Ишима, по степи в полуденную сторону. Старшина Кулсары кочует при урочище Илгистав (Жалғызтау – С. Жұмабаев), Куле – вблизи Ишим­реки в вершинах речки Борлык...»

Архив құжатының бұл дерегі Жалғызтау жері батырдың жаз жайлауы болғанына дәлел бола алады.

Екіншіден, Жалғызтау жерінде Абылай ханның шаруашылық орны (усадьбасы) болған. Тағы бір дерек: Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы, Абылай және оның заманын зерттеуші Қадыржан Абуев «Хан Абылай и его время» деген еңбегінің («Елорда» баспасы. – Астана, 2006 ж.) 201­бетінде былай  деп  жазады:  «Другую  усадьбу  Абылаю  поставили близ реки Ишима в горах Енгизтау (точнее – Жалгызтау) по личному  распоряжению   вице­канцлера   графа   Воронцова в 1765 г. Она состояла из нескольких деревянных домов на каменном фундаменте и хозяйственных построек. И здесь Абылай завел землепашество и рыболовство на близлежащем озере Тарангул. По словам Левшина, построив Абылаю «дом со всеми нужными принадлежностями и помещениями, обнесли оный валом в виде крепости».

Тарихшы Қадыржан Абуевтің айтуы бойынша Абылай ханның шаруашылық орны (усадьбасы) қазіргі Жалғызтау жанындағы түрменің жанында болған, салынған үйдің іргетасы кейінгі уақытқа дейін сақталып келген екен.

Ауызша жеткен деректер бойынша атақты Марал ишанның әкесі Нұрымбет Керей Құрман мен Құлсары емші, әулиелерді Абылай хан өзіне емші, алдағыны болжап отыратын көріпкер әулие ретінде жанында ұстап отырған. Бұл да Құлсары әулиенің Жалғызтау жерін мекен етіп, осы жерде жерленуіне дерек бола алады.

Жалғызтау өңірі әулие­батырлардың пантеоны іспеттес, бұл жерге Құлсары, Төлек, Мақсұт, Естек, Зейнолла сияқты бес әулие жерленген. Осы әулие­батырлардың ішінде Құлсары мен Қарауыл Төлек Баянұлы екеуі бір жылда туып, бір жылда қайтыс болған, екеуі де қазақ­қалмақ соғысының батырлары. Екеуі де Жалғызтау етегіндегі қатар жатқан екі қырат төбеге жерленген. Кім біледі, мүмкін екеуі Ағынтай мен Қарасай батырлардай қатар жерлеуді аманат еткен болар.

«Есімдері ел есінде», құрастырған Абай Тасболатов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға