Жаңалықтар

Құлеке батырдың Абылай ордасымен байланысы

Құлекенiң Орта жүз атынан ант берген 148 би­батырлардың бiрi болып, солардың қатарынан орын алуы оның өз заманында ру iшiнде үстемдiгiн жүргiзген беделдi атқамiнер болғанын танытады.
03.09.2014 13:42 3493

Құлекенiң Орта жүз атынан ант берген 148 би­батырлардың бiрi болып, солардың қатарынан орын алуы оның өз заманында ру iшiнде үстемдiгiн жүргiзген беделдi атқамiнер болғанын танытады. Жазба құжаттарда оны батыр немесе старшина деп атап отырған.

Шал ақын өзiнiң бiр өлеңiнде әкесi Құлекенiң атақты батыр болғанын атап өтедi:

 

Құдай жақсы жаратқан Нұрекенi айт,

Елде жақсы бар болса бiр-екiнi айт.

Атығайда төрт қасқа батыр өткен

Жантелi, Жәпек, Тiлеке, Құлекенi айт! –  деп Атығай iшiндегi атақты төрт батырдың қатарына әкесi Құлекенi де қосып атайды.

Бұл батырлардың екеуi – Жантелi мен Жәпек Атығайдың Құдайбердi, ал Тiлеке, Құлекелер – Бәйiмбет атасынан. Тiлеке мен Құлеке – бiр туысқан ағалы­iнiлi бауырлар. Тiлеке Құлекеден он жастай үлкен болса керек. Ол Жантелi, Жәпек батырлармен тұстас екен. Тiлеке – Әбiлмәмбет ханның тұсында жасаған атақты батырлардың бiрi. Жоғарыда аталған кiтапта («Русско­казахские отношения…») мынадай жолдар бар: «Генерал­лейтенант подарил хану (Абильмамбету. – Қ.М.) белый хрептовый, пансырь железной, Абылай султану – пансырь железной. Джанибек батыру пансырь такой же. Тлеке батыру – пансырь же» (167-бет). Яғни, патша үкiметi Тiлеке батырды да жоғары бағалаған.

Құлеке – Атығай руының рубасы, атқамiнерлерiнiң бiрi. Ол өмiр бойы дерлiк Абылайдың қол астында, хан ордасында қызмет атқарады. Ол кезде Орта жүз ханы Әбiлмәмбет Түркiстанда тұрады да, Абылай сұлтан Көкшетауда болып, Құлеке, тағы басқалары оның тапсырмасын орындаушылар болады. Осыған байланысты олардың есiмi Орта жүз хан­ дығына, Абылай әкiмшiлiгiне қатысы бар Ресей шекара приказдарымен,  шекара  комиссиясымен  жазысқан  қатынас  қағаздарда, ресми құжаттарда жиi кездеседi. Ресми құжаттарда (документтерде)  Құлекенiң  есiмi  12  рет  кездеседi.  Олар  – №93, 205, 233, 236, 237, 240, 247, 251, 257, 262, 267 санды документтер. Бұл документтер (құжаттар) 1742 жылдың тамыз айынан 1765 жылдың қаңтар айына дейiнгi уақыт iшiнде хатқа түскен.

Осы документтерге қарағанда Құлеке батыр 1742  жылдан 1765 жылдың қаңтарына дейiн – 24 жыл бойы Абылай ордасымен тығыз байланысты болып, қызмет көрсетедi. Абылай оны әр түрлi ұсақ нәрселерден  бастап,  ел  дауын, кiсi құнын шешуге, тiптi шекара комиссиясына қатысты саяси мәселелерге дейiн жұмсап отырған. Мысалы, Абылай жоғалған аттарын iздетiп оны Ойыл әскери линиясына, Ертiстiң iшкi жағына мал жаю үшiн рұқсат сұратып сыртқы iстер коллегиясына және азық­түлiк әкелу үшiн Святой Петр қорғанына жiбердi («Казахско-русские отношения в ХVI- ХVIII в.в.» 620, 623, 660-беттер). 

«Есімдері ел есінде», құрастырған Абай Тасболатов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға