Жаңалықтар

«Қиындыққа мұқалмайтын мықты жігер керек»

Балерина Гаухар Усинаның бір күні
 «Қиындыққа мұқалмайтын  мықты жігер керек»
10.02.2020 18:23 4603

Балет – cырттай қарағанда мінсіз мүсін, құс қанатындай қалықтаған қолдар, сұйректей салаланған саусақтар... Таңдай қақтырар сұлулықпен астасып жатқан өнерге жақыннан зер салатын болсақ, нәзіктіктің әрі қарапайымдылықтың лебі есіп тұрады. Мұндай көздің жауын алатын әсемдікті көрсету – қажырлы еңбекті талап ететіні хақ. «El.kz» порталының тілшісі  осы салада жиырма жылдан аса уақыт тер төгіп келе жатқан «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының жетекші солисті, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері  Гауһар Усинаның бір күні қалай өтетінін біліп қайтты.

Бұл – қиын әрі қауіпті өнер. Өйткені мұнымен айналысатындар жиі жарақат алатындықтар мансабынан бас тартатып жататындар  аз емес. Балет белгілі бір ойды дене қимылы әрі қозғалыс арқылы көрсетеді. Кезінде Италияның той-думандарынан бастау алған бидің бұл түрі Еуропа елдеріне көз ілеспес жылдамдықпен тарады. Ал  өткен ғасырдың басында бұл өнер Шығыс елдеріне де жеткен болатын. Кез келген қойылымды хореографиялық образдар арқылы ашатын кәсіби балет өнері елімізде XX ғасырдың 20 жылдары қалыптаса бастады.                                                                   image-06-02-20-07-55-8.jpeg

                   (Фотода: Гауһар Усина)

Бүгінде осы өнердің «жілігін шағып майын ішіп», талантымен көптің көңілінен шығып жүрген майталмандарымыз жеткілікті. Солардың бірі  –  Алматы қаласының тумасы Гаухар Усина. Бір қызығы кейіпкеріміз балерина болуды бала кезден армандамағанын айтады.

– Өнер адамдарының отбасында дүниеге келдім. Әкем – хореографиялық училищенің көркемдік жетекшісі, анам – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі болған. Күнделікті көп уақытым әке-шешемнің жұмыс орнында яғни шығармашылық ортада өтті. Сондықтан мен сахна,декорация сынды терминдермен  кішкентай күнімнен таныспын. Егер де мен әлдебір себептермен балерина болмасам да, болашағым осы өнер саласымен байланысты болар еді деп ойлаймын, - дейді Гаухар Усина.

1998 жылы Алматыдағы А.В.Селезнев атындағы Алматы хореорафиялық училищесін тәмамдаған соң бишіні Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрына жұмысқа шақырады. Ол жақта 2001 жылға дейін қызмет еткен. Оның алғашқы үш жылында кордебалетте болса, кейін жетекші солист болған.

     image-06-02-20-07-54-4.jpeg

– 2001 - 2005 жылдар арасында Мәскеудегі театрлардың бірінде жұмыс істедім. Біз топпен гастрольдік сапармен өзге елдерге барып, өнер көрсеттік. Тіпті 90-100-ге тарта қойылымдар қойған кездер де болды. Соның арқасында өз-өзіңді дамытуға, төзімді болуға үйрететін өте үлкен тәжірибе жинап қайттым. Оған қоса, бұл маған әлемді шарлауға да мүмкіндік берді. Жалпы осындай бұл өнердің артықшылықтары болғанымен елді сағынады екенсің... Арада бес жылдан дейін Қазақстанға оралдым. Сөйтіп, 2005 - 2013 жылдар арасында К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында жетекші солист ретінде қызмет еттім. Ал кейіннен «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрымыз бой көтерген соң, осында көшіп келдік. Бір сөзбен айтсам, бүгінде балет менің өмірімнің мәніне айналып кетті.

Иә, расымен де бұл салаға бейімделу күнделікті үздіксіз дайындықты талап етеді. Осы саланың мамандары таңнан кешке дейін дене бітімін қозғалыста ұстау үшін тынымсыз жаттығулар жасаса, кешкілік сол қойылымды дүйім жұртқа паш етеді. Бір қызығы Гаухар Усинаның 12 жастағы ұлы қазіргі кезде анасының жолын қуып, хореографиялық академияда білім алып жатыр. Анасының айтуынша бұған ұлы өзінің іштей қалауымен барған екен.

– Менің күнделікті кестем былай белгіленеді: сағат 07:30-да тұрамын. Таңғы асымызды ішіп болған соң, ұлымды мектепте шығарып саламын. Кейін өзім де киініп, дайындалып, жұмысқа кетемін. Сағат 10:00-ден 11:15-ке дейін классикалық сабақ болады. Бұл кезде денемізді негізгі жұмысқа әзірлейміз. 11:30-дан 14:00-ге дейін репетиция өтеді. Түскі үзілістен соң сағат 15:00-ден 17.00-ге дейін және 18:00-ден 21:00-ге дейінгі аралықта қайтадан дайындық болады. Мұның қаншалықты ұзаққа созылатыны қойылатын қойылымға тікелей байланысты болып келеді. Жалпы, күнделікті жұмыс уақытымыздың басым бөлігі осылай өтеді.

image-06-02-20-07-54-1.jpeg

Бұл сала мамандары қойылым көрсететін уақыттары бір сәт тұрмыстық не жеке өміріндегі мәселелерді ұмытуға тура келетінін айтады.

– Жалпы бұл қағидамен өзім толықтай келісем және өзім де соны қолданып жүрмін. Егер де зейініңізді жұмыстан бөлек өзге де түрлі мәселелермен бас қатыратын болсаңыз, онда еткен еңбегіңізді нәтижелі болмайды. Ал сахнаға шығу – өте маңызды. Сондықтан қойылым біткенше барынша бүкіл мәселелерді ұмытуға тырысамыз.

Көпшілікке сұлулықты паш ететін балериналар әрдайым бабында жүру үшін түрлі әрекеттерге барып жататыны белгілі.

– Иә, әлбетте кез келген балеринаның өзінің ұстанатын диетасы болады. Ал менің бұл жағынан жолым болған адаммын. Мен тәттілерді аса қатты ұнатпаймын. Бірақ физикалық ауырлық болмаса, артық салмақ қосатынымды байқадым. Жұмыста күнделікті асықпай отырып, тамақтануға уақыт бола бермейді. Сондықтан күніне бір рет қана тамақтанатын кездер де болып тұрады.  Бастысы таңғы және кешкі тамақты уақытымен ішеміз. Таңғы асқа көбінесе ботқа, кешкілік ет қосылған тамақтар, көкөністен жасалған сорпаларды ішкенді ұнатамын. Әсіресе етті ерекше жақсы көремін.

image-06-02-20-07-54-4 (1).jpeg

Осы салада қызмет етуді мақсат еткен елімізде қыз-жігіттер көп болғанымен, бұл ортаға сіңісіп, бейімделу үшін «оларға  ең бастысы кез келген қиындыққа мұқалмайтын мықты жігер керек» дейді балерина.

– Ең алдымен, бұл салада қызмет ету үшін үлкен жауапкершілік керек. Кез келген жағдайға дайын болу үшін темірдей мықты төзім мен болаттай мінез болуы тиіс. Одан бөлек, тәртіп те басты рөл ойнайды. Тәртіп бұл күн сайын уақытында залға келіп, аянбай тер төгіп, білек-сыбана ынта-ықыласпен дайындалу. Өкінішке қарай, кез келген адамның бойындағы жалқаулық біздің жұмыста да үлкен минус болып саналады. Бұл әсіресе тұлға ретінде қалыптасу кезінде  өзінің кері әсерін тигізеді. Сондықтан өз-өзіе деген ішкі тәртіп және дене бітіміңіз сай болса, қалғанын тынымсыз еңбектің арқасында үйренуге болады деп есептеймін.

Сүйікті ісінен ләззат алатын Гаухар Усина бос уақытын дәмді тамақтар мен кондитерлік өнімдерді әзірлеуге жұмсайды. Жұмыстан қолы жиі босамайтын өнер адамы бұған көбінесе тек еңбек демалыс кезін арнайтындығын айтады.

Бір өкініштісі бұл сала мамандары қырық жастан кейін мансабымен қош айтысып жататын сәттер де кездеседі. Бұған басты себеп – балеттің ғұмырлық кәсіптердің қатарына жатпауы.

image-06-02-20-07-54-1 (1).jpeg

– Менің ойымша, мансаптың қашан аяқталатыны әртістің өзің қалай күтетініне тікелей байланысты деп ойлаймын. Бір білетінім, танымал ресейлік балерина Майя Плисецкая секілді 63 жасқа дейін қызмет ету ойда жоқ. Әзірше өз өнерімді сахнаға алып шығудан ләззат алып жүрмін. Әлбетте, көбісі мансабы аяқталған соң өнерде жинаған бүкіл тәжірибесін жастарға үйрету үшін педагог ретінде жеке мектептер мен хореографиялық училищелерге кетіп жатады. Бір айтатыным, сахнада шамамен 2-3 минуттай өнер көрсетіп, одан өнерсүйер көрермен шабыт алуы үшін таңнан қара кешке дейін жаттығу залынан шықпаймыз. Балет өнері – бүгін болып, ертең кете салатын нәрсе емес. Бұған келген соң, өміріңді арнау қажет.

Осы уақытқа дейінгі Гаухар Усина көптеген қойылымдарда өз өнерін паш етті. Атап айтатын болсақ, атақты композитор П.Чайковскийдің «Аққу көлі» Одетта-Одиллия, «Щелкунчик» Мари, «Ұйқыдағы ару» Аврора, Л.Минкустың «Дон Кихот» Китри, «Баядерка» Никия, Б.Эйфманның «Роденінде» Камилла, С.Прокофьеваның «Ромео мен Джульеттасында» Джулетта сынды өзге де қойылымдарда басты партияларда өнер көрсеткен.

Өзінің жұмысынан рахат алатын кейіпкеріміз кез келген сәттілік «қыруар еңбек мыңнан аса сағат жаттығу мен түрлі жарақаттардан тұрады. Соған қарамастан өзіңнің бойындағы күш пен мүмкіндіктерге сенсе, алынбайтын асу жоқ» деп сөзін түйіндеді.

  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға