Өңіраралық байланысты нығайту: Қазақстан мен Қытай
Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстандық жол – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы жолдауында аса мән берілген жағдай – Қазақстанның өңіраралық байланысын нығайту екенін және осы мақсатта көптеген стратегиялар жасалып жатқанын өткен мақалаларымызда жазып өткен болатынбыз. Жалпы, бүгінде Қазақстан ашық саясат жүргізіп, кез келген көрші мемлекеттермен өңіраралық байланыс орнатуды мықтап қолға алған. Соның тағы бір мысалы Қытаймен өңіраралық байланыстың күн санап нығая түсуі.
Тәуелсіздік тарихына көз жүгіртетін болсақ, Қазақстан мен ҚХР арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы 3 қаңтардан бастап орнады. 1992 жылы ақпанда Алматыда Қытай елшілігі, Бейжіңде Қазақстан елшілігі ашылды. Екі ел арасында сауда-экономикалық мәдени, әскери байланыстар дами бастады. Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Бейжіңде, ҚХР төрағасы Цзянь Цзэмин Алматыда ресми сапармен бірнеше рет болды. 1994 жылы 26 сәуірде екі ел үкіметі шекара мәселесін түпкілікті шешу жөнінде келісімге келіп, шекарамыздың құрылымы жасақталды. 1996 жылы 26 сәуірде Шанхайда ҚХР, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан басшылары шекара мәселелері бойынша Шанхай келісіміне қол қойды. 1998 жылы 3 шілдеде Шанхай келісіміне қатысушы – 5 ел басшылары Алматыда бас қосты. Дәл қазіргі уақытта екі ел арасындағы сауда байланыстары тез өсіп келеді. Соңғы жылдары Қытайдан Қазақстан арқылы Еуропаға шығу (яғни Ұлы Жібек жолын қайта дамыту) перспективалары да қаралып жатқаны баршамызға мәлім. Мұның бір мысалы 2015-те толықтай қолданысқа берілмекші болып жатқан «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік магистраль дәлізі.
Статистика мәліметтерінен сүйенсек, 2014 жылдың 1-тоқсанында Қазақстан-Қытай тауар айналымы 5 млрд долларға жетті. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Премьер Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев айтқан болатын. Оның айтуынша, Қазақстан мен Қытай арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық барынша қарқынды даму үстінде. «2014 жылдың 1-тоқсанында тауар айналымы шамамен 5 млрд АҚШ долларын құрап, 11 пайыз өсім көрсетті. ҚХР-ға экспорт 3,5 млрд, ал Қытайдан импорт 1,4 млрд долларды құрады», - деген еді ол өз сөзінде. Бүгінде Қытай Қазақстанға қаржы құятын шетел инвесторларының үздік үштігіне кіріп отырғаны мәлім. Мәселен, 2005-2013 жылдары аралығында бұл елден келген тікелей инвестиция көлемі 11 млрд. АҚШ долларына жетіп жығылады. Тек өткен жылы ғана 2,18 млрд доллар көлемінде қытай инвестиция қазақ экономикасына құйылды. «Бұл оң серпін Мемлекет басшысы алға қойған 2016 жылы Қытаймен сауда көлемін 40 млрд долларға жеткізу бағытындағы мақсаттарға қол жеткізуге болатындығын көрсетеді», – деді Б.Сағынтаев.
«Қытай мен ЕО арасындағы тауар айналымының 8%-ға жуығы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізі құрылысы аясында Қазақстан аумағы арқылы өтеді» – деп хабарлаған болатын «Қазақстан-2050: Шығыс пен Батыс арасындағы жаңа құрлықтық көпірлер» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин. «Сарапшылардың пікірінше, жаңа көліктік жобалар Қазақстанға транзиттік жүк көлемін Қытай мен Еуропа одағының арасындағы жалпы тауар айналымының 8 пайызына дейін арттыруға мүмкіндік беруі ықтимал», – деді Е.Қарин. Оның айтуынша, Қазақстан тек қана Еуропа мен Азия арасындағы көліктік дәліздерді кеңейтуге ғана ұмтылмайды, шығыс пен батысты, солтүстік пен оңтүстікті жалғайтын тоғысатын магистральдер құруды көздейді. «Қытай мен Еуропа одағы арасындағы сыртқы сауда көлемі 2020 жылға қарай қазіргі 500 млрд доллардан 800 млрд долларға жетуі мүмкін. Бұл ретте Қытай мен Еуропа одағы арасындағы жүк тасымалының үлесі 170 млн тоннаға дейін өседі», – деп мәлімдеген болатын ол.
2017 жыл «Қазақстандағы Қытай туризмі» жылы болып жарияланбақшы. Былтырғы жылдың басында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізгеннен кейін қазақстандық БАҚ-қа сұхбат берген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім еткен болатын. Ол өз сөзінде: «Шанхай көрмесі әлемде зор таңданыс тудырды. Біз бұл тәжірибені пайдаланатын боламыз. Ең бастысы, бес миллион адамның келуі. Мен Си Цзиньпинмен 2017 жыл Қазақстандағы Қытай туризмі жылы деп жариялау туралы келістім» – деді. Мемлекет басшысының атап өтуінше, осыдан кейін Қазақстанға ағылатын туристер саны арта түспек. Сонымен қатар, Қытай Халық Республикасына арнайы павилон да салынады екен. Қарап отырсақ, бұл мәлімдемелер мен жасалынбақшы болған іс-шаралардың өзі Қазақстан мен Қытайдың өңіраралық байланысының дамып жатқандығын көрсете алады.
Бүгінде Алматы қаласының өзінде Қытайдың 100-ге тарта кафесі мен мейрамханалары, 270 бірлескен кәсіпорын, 2 банк, 48 жанармай құю бекеті, бір Мәдениет орталығы, Қазақ Ұлттық университеті жанында «Қытай тілі орталығы», «Конфуций» институты, «Ялянь» сауда орталығы, Барахолка және «Сауран» сауда орталықтарында сауда нүктелері жұмыс жасайды. Сонымен қатар, Астана қаласының қақ ортасынан ойып тұрып орын алған зәулім «Пекин палас» қонақ үйі де «Қытай» мәдениетін насихаттаудың бір көрінісі. Жалпы, Қазақстан бойынша Қытайдың 20 ірі компаниясы және ірілі-ұсақты 2000-нан астам бірлескен компаниялары жұмыс істеуде. Олардың басым бөлігі энергетика саласының үлесіне тиесілі. Қытай инвестиция құйып жатқан компаниялар: Ақтөбемұнайгаз - 85,32%,Маңғыстаумұнайгаз - 47%,ПетроҚазақстан - 67%, Қазгермұнай - 50%, Қаражанбасмұнай - 50%, Павлодар мұнай өңдеу зауыты - 58%, Шымкент мұнай өңдеу зауыты - 50%, Айдан мұнай - 100%.
Қытайдың Арал теңізі аймағында бiрқатар мұнай-газ кеніштерін ашу үшін барлау жұмыстарын жүргізуі бүгінгі күні де жалғасын табуда. Жалпы, Қазақстандағы Қытайдың энергетика саласындағы үлесі 50%-дан асып жығылады. Қытай жаққа қарап газ бен мұнай құбырлары салынып жатқанын күнделікті баспасөзден де оқып жүрміз. Қытайдың мұнайдан бөлек, уран кеніштерінде де үлесі бар екені мәлім. Қытайдың ұлттық ядролық корпорациясы мен Гуандун ядролық корпорациясының Қазақстанның уран кеніштерінде үлестері бар, әрі «Қазатомпром» компаниясынан уран сатып алу келісімі жасалған. Мұны ресми деректер айғақтайды. Жалпы, Қытай Қазақстанға барынша инвестиция құйып жатыр. Бұл инвестициядан келген қаржы, әрине, қазақтың болашағы үшін жұмсалады. Мұнда Президентіміз Н.Назарбаевтың өңіраралық байланысты нығайтуға деген еңбегі мақтауға тұрарлық.
Әлемдік дағдарыс кезінде Қытайдың экономикалық қуаты керісінше артып кеткен мәлім. Мұндай экономикасы мығым елмен өңіраралық байланысты нығайту – бізге пайда алып келмесе, зиян шектірмейтіні анық. Қытай банкінің (Bank of China) вице-президенті Жу Минь «Бұл дағдарыс бізге АҚШ-тың әлем экономикасына бақылау жасай алмайтынын айқын дәлелдеп берді» деп ашық түрде сынға алды. Осылайша, Қытай бірте-бірте АҚШ-тың экономикасына, әлемнің долларға деген тәуелділігін азайтып, өздерінің юаньі арқылы бүкіл әлемге ықпал еткісі келетіндігін байқатады. 2009 жылғы 15 сәуірде Бейжіңде бұрынғы қаржы министріміз Б. Жәмішев: «Қазақстан юаньді резервтік валюта ретінде пайдалануы мүмкін» деп айтқаны бар. Бұл юаньға деген Қазақстанның ықыласын білдіреді. Юаньнің тұрақты болып тұрғандығынан қазір саудагерлеріміз тауардың құнын юаньмен өлшейтін болыпты. Бұл үдеріс түптеп келгенде доллар құнсызданатын болса, Қазақстан юаньға көшуге дайын деген сөз. Байқасаңыздар, Халық банкінің банкоматтары қытай тілінде де қызмет көрсете бастады. Ендеше, болашақта әлем Қытайдың экономикасына қарап отыратынын ескерсек, бүгіннен бұл елмен байланысты нығайту үлкен көрегенділіктің белгісі.
«Батыс Қытай – батыс Еуропа» дәлізі қалай болғанда да біздің экономикамызды шарықтататыны анық. «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты биылғы жолдауында да президентіміз Н.Назарбаев жолдың маңыздылығын былай түсіндіреді: «Қазақстан - ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр аумақтың иeci. Сондықтан, аталған жоспар орасан қаражат пен еңбекті, аса ауқымды жұмысты қажет етеді. «Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара» деген қағида қалыптасқан. Барыс-келіс пен алыс-берісте жол қатынасы айрықша маңызға ие. Көне замандарда ірі қалаларымыздың көбі Ұлы Жібек жолын жағалай қоныс тепкен. Қазір де қайнаған тіршілік күре жолдардың бойында. Жол - шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі. Барлық аймақтар теміржолмен, тас жолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы керек. Астанада тоғысқан тоғыз жолдың торабы елорданың жасампаздық рухын тарататын өмір-тамырға айналуы тиіс. Аймақтардың өзара байланысын жақсарту елдің ішкі әлеуетін арттырады. Облыстардың бip-бipiмeн сауда-саттығын, экономикалық байланыстарын нығайтады. Ел ішінен тың нарықтар ашады. Осылай, алысты жақын ету - бүгінгі Жолдаудың ең басты түйіні болмақ» - дейді. Сонымен қатар, жол салу жолдаудың ең бірінші мақсаты екенін түсіндірген президентіміз: «Бірінші. Көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту. Ол макроөңірлерді хабтар қағидаты бойынша қалыптастыру аясында жүзеге асырылатын болады. Оның үстіне, инфрақұрылымдық қаңқа Астанамен және макроөңірлерді магистралды автомобиль, теміржол және әуе жолдарымен шұғыла қағидаты бойынша өзара байланыстырады. Бірінші кезекте, негізгі автожолдар жобасын жүзеге асыру қажет. Бұлар Батыс Қытай - Батыс Еуропа; Астана - Алматы; Астана - Өскемен; Астана - Ақтөбе - Атырау; Алматы - Өскемен; Қарағанды - Жезқазған - Қызылорда; Атырау - Астрахань. Сондай-ақ, елдің шығысында логистикалық хаб және батысында теңіз инфрақұрылымын құруды жалғастыру қажет. Батыс бағытта Каспий порты арқылы экспорттық әлеуетті арттыруға Құрық портынан ауқымды паромдық өткел және Боржақты - Ерсай теміржол желісі ықпал ететін болады. Үкіметке Қытайдың, Иранның, Ресей мен ЕО елдерінің «құрғақ» және теңіз порттарында терминалдық қуаттар салу немесе жалға алу мәселесін ойластыруды тапсырамын» - дейді. Әрине, президентіміздің жолдауына назар аударсаңыз «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» дәлізінің өте маңызға ие екенін айқындалып тұр. Сондай-ақ орасан зор экономиканы ұстап отырған Қытаймен дәл осы дәлізбен байланысу арқылы экономикамызды шарықтатуға болатынына көз жеткізе аламыз. Ендеше, өңіраралық байланысты нығайту арқылы алып экономикаға қадамымыз оң болсын!..
Дінмұхаммед Аязбеков