Жаңалықтар

Ә.Досмұхамбетов және В.М.Довженко

Довженко Виктор Михайлович Орынбор облысының Талша селосында туған. Кейiн Солтүстiк Қазақстан облысының Преснов ауданындағы Симаки селосына көшiп келiп, мектепте мұғалiм болды.
03.09.2014 11:54 2369

Довженко Виктор Михайлович Орынбор облысының Талша селосында туған. Кейiн Солтүстiк Қазақстан облысының Преснов ауданындағы Симаки селосына көшiп келiп, мектепте мұғалiм болды. 1940 жылғы қыркүйекте В.М.Довженко Қызыл Армия қатарына шақырылып, Украинадағы Iшкi Істер Халық Комиссариаты (НКВД) әскерiнiң 228­полкiне жiберіледi. Ұлы Отан соғысына 1943 жылғы ақпаннан бастап қатысқан.

1945 жылғы 15 ақпанда 1281­атқыштар полкiнiң автоматшылар ротасының (І Белорусс майданы. 47­армияның 60­атқыштар дивизиясы) командирi аға лейтенант Довженко өз ротасымен Висла­Одер операциясына қатысты. Негiзгi міндетi Польшаны азат етудi толық аяқтап, Берлинге шешушi соққы беру үшiн қолайлы шепке жету болатын. Довженконың ротасы орман iшiмен жүрiп жаудың 100­120 адамдай болатын тобымен ұрысқа түскен Крубин елді мекенiнiң оңтүстiк шетiне жетiп, жаудың тылына шықты. Довженконың шебер басқаруымен рота қарсыластарын талқандады. Көптеген жау қаза тауып, бесеуi тұтқынға түсіп, қалғандары қашты. Бұл ұрыста Довженко жалғыз өзi автоматпен немiстердi автомат және пулеметпен қаруланған жиырма адамдай болатын тобына тұтқиылдан қарсы шыққан кезi де болды. Шебер де батыл қимылдап, олар жауды кейiн шегiнуге мәжбүр еттi.

16 қаңтарда өжет офицер Нова­Двур қаласы маңында Висла өзенінен өтiп, екi жауынгер үшеуi танкiге қарсы қолданатын граната мен немiстiң өздiгiнен жүретiн зеңбiрегi мен екі солдатын жойды.

Кеңес Одағының Батыры атағы оған 1945 жылы 27 ақпанда беріліп, Ленин ордені мен «Алтан Жұлдыз» медалі қоса тапсырылды. Ал, бірнеше күннен кейін, 1945 жылы 4 наурызда ұрыста қаза тапты. Батыр Варшава қаласында жерленді.

 Досмұхамбетов Әбу 1920 жылы Солтүстiк Қазақстан облысының Приишим ауданындағы Үшкөл ауылында (қазiргі Бескөл ауданының «Андреев» кеңшары) туған. Ферма меңгерушiсi, комсомол ұйымының хатшысы болып қызмет iстедi. 1939 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылды. Ұлы Отан соғысына 1942 жылдан бастап қатысты.

Жеңiспен аяқталған Курск иiнiндегi сұрапыл шайқастан кейiн Кеңес  әскерлерi батыл түрде гитлерлік  қорғаныстың маңызды шебi – Днепрге қарай жылжыды. Днепр өзi сияқты жалпақ та терең Десна, Припять сағаларымен бiрге шабуылдап келе жатқан Қызыл Армияның әскерлерiне өте елеулi кедергi болатын. Биiк жағаға бекiнiп алған гитлершiлер қатты қарсылық көрсеттi.

1943 жылдың 22 қыркүйегiнде түнде жау артиллериямен күштi оқ атып тұрғанда өзеннен алғашқылардың бiрi  болып өткен Ә. Досмұхамбетовтың ротасы полктiң басқа бөлiмшелерiнiң өтуiн демей отырып, бiрден ұрысқа кiрiстi. Үш күннен кейiн, 25 қыркүйекте дивизия Припять өзенiнен өтiп, онда да Әбудiң ротасы ерекше көзге түстi.

Ә. Досмұхамбетовтың ерлiктерi оны Кеңес Одағының Батыры атағына ұсыну туралы марапат парақшада тiзiлiп, жазылған: «Деснаның, Днепр мен Припятьтiң айдындарынан өту кезiнде өзiн шапшаң шешiм қабылдауға және оны iске асыруға қабiлеттi шебер командир екенiн көрсеттi. Ешқандай жүзу құралы болмағанның өзiнде ол қарсыластың күштi артминомет атысы астында бұзылған көпiрден алынған тақтайлардан сал жасап, ротаны өзеннен шығынсыз алып шықты және қарсыластың жағалауында шайқасқа кiрiп, келесi бөлiмшелердiң өтуiн демедi. Припять өзенiнен өту кезiнде оның ротасы немiстiң мотоколониясының атысына тап болды. Досмұхамбетов жолдас бiр топ жауынгерлерiмен қарсыласқа бiлдiртпестен колоннаның тылына өтiп кетiп, оны қашуға мәжбүр еттi...

229-атқыштар полкiнiң командирi, подполковник Шишков»

 Бұл ұсыныс 1943 жылғы 1 қазанда, яғни ол қаза табардан бiр апта бұрын жазылып, сатылап (дивизия, корпус, армия, майдан) жiберiлген едi. КСРО Қорғаныс министрлiгi архивiнiң материалдарына сүйене отырып П.Белан «Қазақстандықтар Украина мен Молдавияны азат ету жолындағы шайқастарда» (Алматы: «Ғылым» баспасы, 1967 ж.) деген кiтабында осылай деп жазады. Автордың ойынша, бiрқатар кiтаптар мен мерзiмдi баспасөз мақалаларында Ә. Досмұхамбетовке Кеңес Одағының Батыры атағы қайтыс болғаннан соң берiлдi деген тұжырым дұрыс емес. Беланмен келiспеуге қисын жоқ.

Егер полк командирi Д.К. Шишковтың ұсынысына Ә. Досмұхамбетов қаза тапқаннан кейiн қол қойылса, онда полк командирi батырдың ақтық шайқасы туралы айтпауы мүмкiн емес едi. Тегiнде Ә.Досмұхамбетовке Батыр атағы қаза тапқаннан кейiн берiлдi деген байлам КСРО Жоғарғы Кеңесi Төралқасының Жарлығына 1943 жылдың 16 қазанында батыр қаза тапқаннан кейiн қол қойылуынан болса керек.

Ә. Досмұхамбетовтың соңғы шайқасы екi апта бойы фашистермен кескiлескен  ұрыс жүргiзiлген  Припять плацдармында өтедi. Қарсылас жақ жаңа күштерiн қоса отырып, бiрнеше әрекет жасайды. 6 қазанға қараған түнде жау мотоколоннасы бiрiншi батальонның позициясына қайтадан шабуыл жасайды. Жауынгерлер оқ атады. Оларды танкке қарсы ататын зеңбiректер батареясы қолдайды. Бiрнеше танк пен броневик өртенедi. Сау қалған жау машиналарының бұрылуға шамасы келiп, шепке жақындап келiп, бiрiншi ротаның позициясына баса­көктей кiредi. Осынау сәтте жаралы командир Ә.Досмұхамбетов күшiн жинап, қарсы келе жатқан танкiге еңбектей жылжып барады да, оған танкiге қарсы қолданатын минаны лақтырады. Жақын жердегi жарылыс әлi 23­ке толып үлгермеген жас офицердiң өмiрiн қиып кеттi.

«Есімдері ел есінде», құрастырған Абай Тасболатов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға