Жаңалықтар

Құдай мен қасқыр ұштасқан сәт

Христиандар «Тәурат» арқылы жебi­рей­лерден алған иудаизм құдайының да бастапқы аты «Яу» немесе «Ау» болып шықты.
30.06.2014 11:19 3146

...Түйсiк алдамапты. Христиандар «Тәурат» арқылы жебi­рей­лерден алған иудаизм құдайының да бастапқы аты «Яу» немесе «Ау» болып шықты. Атақты «Кiтапха­на­ның» авторы, тарихшы Диодор Мұса ғалайссаламның Синай тауында негiзгi он қағиданы Яо немесе Яу (Яхья немесе Яхве сөздерiнiң түбiрi) есiмдi құдайдан алғандығын жазады (Иммануил Великовский, «Столкновение миров», Ростов-на Дону, «Феникс» баспасы, 113-бет). Байқайсыз ба, түркiлiк қасқыр тотемi иудей бауырларда жалғыз Құдай дәрежесiне көтерiлiп кеткен. Осы жерде Тәңiрiсiн танымай қалып, түр­кiлер қателестi ме, әлде қасқырды Құдай қылып жiберiп жебiрей ағайындар алжасты ма деген сауал өзiнен-өзi туындайды. Әрине, бұл, бар болғаны, ой ойыны ғана, мұндай қатерлi сұрақтың туындауы да, болуы да мүмкiн емес. Бәрiне тосқауыл бiлмес адам қиялы ғана кiнәлi едi. Түркiлер Тәңiрiсiн танымай қалған жоқ, оның мейiрiм-шапағатының көрiнiсi ретiнде небары қасқыр туралы мифтi ойлап шығарумен ғана шек­телдi. Ал жебiрей халқы болса өзiнiң жалғыз Құдайға деген ынтызарлығын байқатып алған болатын. Нәтижесiнде бастап­қы дыбысталуындағы Ау, кейiнгi нұсқаларындағы Яхве құдай дүниеге келдi. Ал аты он түрлi, мейлi, жүз түрлi болсын, жалғыз Құдайдың аты Ау-Яу немесе Яхведен бұрын Тәңiрi болғандығын зердемiзден шығарып алмасақ болғаны.

Ендi иудей Құдайының бастапқы есiмi нелiктен Ау болатындығына аз-маз тоқтала кетейiк. Ол үшiн жебiрей халқының Мұса ғалайссаламның басшылығымен Мысыр құлдығынан қашқан кезде жер бетiнде көрiнiс берген оқиғаларға, олардың се­бептерiне үңiлу керек. Бұл табиғи апаттар Жер-Ана бетiнде бiрiнен кейiн бiрi қайталан­ған қасiреттi уақыттар едi (Қасқыр мифiндегi қанды қырғынның «тәураттық», яки же­бi­рейлiк нұсқасы деп түсiнген жөн). Жерге төнiп келiп қалғандай болған аспанды әлдебiр құдiреттiң күшiмен пайда бол­ған дыбыстың керi лақтырып жiбергенi де рас. Әлденеше тәулiк бойы қарасын көрсетпей қойғандай болған күн де содан кейiн қайта жарқырап шыға келген. Табиғаттағы мұндай құбылысты бүгiнгi ғылым тiлiмен былайша дәйектеп түсiндiруге болады: шамасы, тым жақын келген әлдебiр құйрықты жұлдыз кесiрiнен немесе көршi планеталармен өрiс күшiн таластырудан соң, бәлкiм, ғарышта қаңғып жүрген шойын тастардың бiрi құлағаннан кейiн орбитасынан шығып кете жаздаған Жер шары ыңыранып барып, Күн жүйе­сiндегi бүгiнгi орнына сәтiмен түскен болса керек. Апат зардабы бiрнеше апта немесе айларға созылғандығы да анық («Тәураттағы» осы кездерi көрiнiс беретiн оқи­ғаларды еске алыңыз). Осы бiрнеше ондаған тәулiк iшiнде адам санасына ұялап қалған үрей-қорқыныш жаңағы құтқарушыдай болып естiлген дыбысты Жаратқанның өзiнiң үнi деп қабылдауға молынан жетiп-артылатын. Екi жарты шардағы адамдар қиялын тербеп, құдайлар мен құтқарушы қаһармандар жайлы әфсаналар тудырған ол дыбыс бiзге қасқыр мифiнен белгiлi «Ау-у-у» немесе қысқаша «Ау» едi. (Иудаизм дiнiнiң ауызекi әңгiмелерiнде бұл кездерi Тәңiрiнiң даусын жер бетiнiң ар жақ, бер жағындағы жетпiс халық естiдi деп әңгiмеленедi. «Ау» сөзiне байланысты әңгiмелердiң жер бетiнiң түкпiр-түкпiрiнде кездесетiндiгiнiң себебiн осы көнекөз жетпiс халықтың ұрпақтарына қалдырған мұрасы деп түсiнген жөн). Дыбыс немесе сөз иесi де белгiлi. Кеңiстiкте тербелiп барып, бүгiнгi белдеуiне қайта түскен Жер-Ана болатын. Ол кездi ескi кiтаптар «Өзендер арнасынан ауытқып, тiк көтерiлген теңiздер құрлықты шайып кете жаздаған заман едi» деп суреттейдi.

Қасқыр мифiнiң екiншi, үшiншi үзiктерiн өзге бөлiктерiмен шынайы байланыстыратын ақиқат желi осындай. Күн жүйесiнде орын алуы әбден мүмкiн болған кезектi алапат апаттан Жер-Ана аман һәм жеңiмпаз болып шықты. Одан естелiк ретiнде әр құрлық, әр халықтарда өздерiне тән реңк-бояумен баяндалатын аңыз әңгiмелер қалды. Ежелгi элладалықтар анадан туған алып ұлдары Геркулеске аспанды көтерткiзсе, қытайлықтар сол кездегi әмiршiсiне Яо немесе Яу деген есiм бердi. Үндi буддашыларының бабалары «АУМ» деп дыбысталатын қасиеттi мантраны ұрпақтарына мұра етiп қалдырды. Жебiрей қауымы болса Жаратқан он негiзгi қағиданы Мұса ғалайссаламға осы жолы түсiрдi деп санады. Бағзы түркiлер болса Жер-Ана мен Қасқыр-Ананы астастыра iзет тұтты. Арада табиғи, бәлкiм, ғарыштық апат зардабы көмескiленiп не ұмытылатындай бiраз уақыт өткесiн, ақын қиялы көршiлер тарапынан жасалынған аяушылық бiлмес қанды қырғынды ойлап шығаратыны да сондықтан. Оқиғаның шындыққа жақындайтын интерпретациясы да осы едi. Түркi қауымы қолдан Құдай жасамады, қолынан келмес iстi мойындарына артып пенде баласын да мазалаған жоқ. Тек шабыты сұрапыл ақындық қиялға ғана ерiк бердi.

Иә, солай, қасқыр мифi мен тотемiнiң кемi үш мың жылдан асатын тарихы бар, ол адамзат баласында Ұлы Ана жалғыз-ақ екендiгiнен, оның есiмi Жер-Ана деп аталатындығынан сыр шертедi.

Осымен қасқыр мифi жайлы әңгiмемiз де тәмамдалып қалды.

Тәңiрiм Жер-Анамызға бiздiң бағымызға мыңдаған, миллиондаған жылдар ғұмыр бере көргей.

Тiлегiмiз қабыл болсын, Ау-м-ин.

Әмiрхан Балқыбек, «Қасқыр құдай болған кез»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға