ҚҰДА ТҮСУ РƏСІМІ. Жалғасы
Құдалық той – құдалық той белгіленген соң бірнеше күн бұрын дайындық бастайды. Жігіт жағы өздерінің ағайын-туысқандарына той болатын күнді хабардар етеді. Қыз жақ құдалық тойға баратын ағайындарын анықтап шақырады. Жігіттің анасы жақын апа-жеңгелері (Адайлар оңтүстіктегі қолданылатын əпке сөзінің орнына Апа сөзін, ал, Апа сөзінің орнына Əже сөзін қолданады) қызға тағатын алтын сырға тағы басқа сыйлықтарын дайындайды. Мұнда жігіт жақтың ауқаттылығына байланысты қызға алтын бұйымдар мен түрлі сыйлықтар беріледі. Қыз жақтың адамдары да құр қол келмей «Ақ қалта», «Ала қалтасын» көтеріп келеді. Құдалық той екі жақтың бір-біріне қошамет сөздері, кең дастарқанның түрлі тағамдары, сый-сыйапатпен өрнектеліп əн-биге ұласып жатады.
Құдалық той қыз жақта жасалады. Жігіт жақтан келетін құдаларға арнап үй дайындап қояды. Бұл үйді «Құда түсетін үй» деп атайды. Қыз жақтың бір жақын ағайыны құдаларды қарсы алып, олардың жағдайын жасауды міндетіне алады. Сол күні құдаларға атап қой сойылып «Ет» (Мұнда жасанды «Бес бармақ» сөзі қолданылады) асылады. Құдаға бас тартып тиісті сый-құрмет жасалады. Құдалық тойдан бір күн бұрын май нан (шелпек), бауырсақ пісіріледі. Бұл күнде құда түсетін үйге қыз жақтың жеңгелері, тума-туыстары, достарының əйелдері жиналып тойға керекті заттарды дайындауға кіріседі. Көмектесуге шақырылған əйелдер құр қол келмейді. Өздерімен ақ қалта, ала қалтасына тойға қажет тəттілер, түрлі мата тағы басқа бұйымдарын той шашуы деп ала келеді. Сондай-ақ келе-сала теңгелерін «шашу» етіп шашады. Қонақтар шəй дастарқанынан дəм татып, жұмысқа кіріседі. Бірі қамыр илейді. Бірі ошақ дайындайды, бірі отынын алып келеді. Сөйтіп, көңілді, жүздерінде күлкі ойнап, əдемі қалжыңдар мен қуанышқа ұласып жатады. Бұл күні қой сойылып, өкпе-бауыр, ішек-қарынды картоппен қосып қонақтарға қуырдақ дайындалады. Тойға тиісті дайындық аяқталған соң əйелдер үйлеріне қайтып, ертеңіне таң аты- сымен келесі бір топ ағайындар той болатын жерге келеді. Құдалық той күні көмектесуге тума əйелдер тоб-тобымен той қалталарымен келіп, тойға шашуын шашып, тойға шақырылған дүйім жұрт «Тойшылар» жайылған дастарқан төңірегіне отырып шəй ішіп, қуырдақ жеп сыртқа шығып орнын жаңадан келген қонақтарға босатып беріп, бір-бірін қошаметтеп тойды думандатып қыздырып жатады..
Бұл жерде қыз жақтың жақын ағайын үйіне де қалыңмалдан үлес беріледі. Ол қалыңмалдан алған ақшалай үлесін қонақтарды қабылдауға жұмсайды. Құдалардың саны 200 адамға дейін жетеді. Əрине бұл сан қазіргі кезде нарықтық жағдайға байланысты төмендеп кетті. Көп жылдардан бері құдаларды қазақ «күріш» пісіріп қарсы алуды дəстүрге айналдырды. Қонақтар санының көп болуына қатысты əр төрт, алты қонаққа бір табақ күріш тартылады. Дастарқанға жеміс-жидек, салат жəне сусындар қойылады. Тамақ қолмен желінетіндіктен қонақтарға қол жуғыш алып келіп қолдарына құмғанмен су құяды.