Жаңалықтар

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары Ақмола облысының жастарымен кездесті

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары Ақмола облысының жастарымен кездесті
18.07.2019 11:01 4947

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында «100 жаңа есім» жобасы ұсынылған болатын. Ел ертеңі саналатын жалынды жастардың үлгі алуларына бағытталған жоба қазіргі таңда қарқынды қадам басып, жаңа есімдерді анықтауда.

Жалпы жоба маңыздылығы туралы Тұңғыш президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз сөзінде: «Жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады.

Шын мәнінде, Тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткіш. Сондықтан, оларды телевизиялық деректі туындылардың кейіпкеріне айналдыруымыз керек. Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек», - деген болатын.

Көпке үлгі боларлық «Қазақстанның 100 жаңа есімі»,- жобасының жеңімпаздары Ақмола облысына арнайы келіп, жастар қауымымен кездесті. Жоба жеңімпаздарының бірі – Әмір Қуат. Шығармашылыққа жаны жақын, жастайынан таланттың тұлпарын ерттеген Әмірдің өнер әлемінен бөлек ғылымға деген қызығушылығы бар талантты жас 6 музыка аспабында еркін өнер көрсетеді. Ал, ғылыми жетістігі – өлім мен жарақат алу санын төмендетуге бағытталған «БИОВ» қауіпсіздік техникасының авторлық жүйесін жасаған. Жасыратыны жоқ, еліміздегі көптеген өндіріс орындарында жарақат алу мәселелері орын алып тұрады. Осы орайда Әмір қолайлы жағдай мен қауіпсіз жұмыс орындарын жасап қана қоймай түрлі келеңсіздіктер орын алмасы үшін алдымен өзін-өзі қорғауды алға тартады. Ғылыми ізденіс, қызметін Әмір 14 жасында бастаған.

«Мен жастық шағымда қатты ауырып, екі аяғымды баса алмай қалдым. Дәрігерлер сырқатымның толық шешімін таба алмай, аяғымнан тұруым екіалай екенін жеткізді. Алайда мен оңайлықпен берілмей, өз бетімше ізденіп, ғылымға жүгініп шешімін қарай бастадым. Осылайша 2 жылдан кейін мен талпынысым мен ізденісімнің арқасында аяғымнан тік тұрдым», - дейді Қуатбек Әмір. Жастарға басынан өткерген барлық қиыншылықтарын баяндап, одан қалай жол таба білгені туралы сыр шертті.

Жастармен ой бөліскен келесі кейіпкер – Саида Калыкова. Батыс-Қазақстан облысында дүниеге келген Саида мектеп қабырғасын үздік тәмамдап, Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы музыкалық колледжге түседі. Оны да үздік бітіріп, 2006 жылы Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетіне оқуға түсті. «Болашақ» бағдарламасы бойынша Италияның Флоренсия қаласындағы магистратураны үздік аяқтаған.

Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының әншісі. 1994 жылы көру қабілетінен айырылған кейіпкер бұл сынаққа мойымай, осыншама жетістіктерге өз күш жігерінің арқасында жетті.

Өзі жазған төл туындыларының арқасында да көптеген жарыстардың жеңімпазы атанды. Бірнеше шет тілдерінде еркін сөйлейді. Ресей және Италияда жеке шығармашылық концерттерін берген.

Жоба жеңімпаздары кездесуге келген аудан жастарына табысқа жеткен жолдарымен бөлісіп, қойған сұрақтарына жауап берді. Кездесу соңында арнайы келген меймандар ауданымызға «Қазақстан халқы» энциклопедиясын сыйға тартты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға