Жаңалықтар

Қазақстаннан шет елдерге көлікпен көмір әкетуге тыйым салынбақ

Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жариялады
 Қазақстаннан шет елдерге көлікпен көмір әкетуге тыйым салынбақ
Фото: inform.kz 28.07.2022 13:25 1176

Қазақстаннан шет мемлекеттерге көліктермен көмір әкетуге тыйым салу жоспарланып отыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің осындай бұйрығы жарияланды,– деп хабарлайды El.kz.

Ведомство биыл коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге пайдаланылатын көмір бағасының қымбаттауына жол бермеу мақсатында жоспар әзірледі. Аталған жоспарға сәйкес, ағымдағы жылы көмір тұтыну көлемі шамамен 9,6 млн тоннана болады деп болжануда. Оның ішінде, коммуналдық-тұрмыстық секторға - 2,6 млн, ал халыққа сатылатыны 7 млн тоннаны құрамақ.

– Былтыр қыркүйекте ауа райының күрт салқындауына байланысты елдің орталық және солтүстік аймақтарында көмірге сұраныс артты. Осы жағдайды пайдаланған алыпсатарлар бір тоннасын 13 мың теңгеден сатып алып, оны тұрғындарға 30 мың теңге сатты. БАҚ арқылы халықтан ішкі нарыққа арналған көмір экспортқа шығарылып жатыр деген өтініштер түсті. Талдау көрсеткендей, өткен жылы көрші елдерге көмір экспортының көлемі ұлғайды. Атап айтқанда, Қырғыз Республикасына 19 пайызға, Өзбекстан Республикасына 30 пайызға экспорт өсті. 2021 жылы Қырғыз Республикасына теміржол арқылы 1 020 тонна (2050 вагон), автомобильдермен 123 мың тонна көмір тасымалданған. Сондықтан халықты көмірмен қамтамасыз етуде келіспеушіліктер туындамас үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2022 жылғы 1 шілдеден бастап 6 айға көмірді автомобильдермен Қазақстан территориясынан әкетуге тыйым салу орынды деп санайды, – деп көрсетілген бұйрықта.

Құзырлы орган дерегінше, аталмыш бастама Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қолдау тапқан. Бұйрық 10 тамызға дейін ашық талқылауға шығарылды. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға