«Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің іріктеу сындары басталды
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі тағайындалған қазақ күресі биыл бесінші рет өткізілгелі отыр. Дүйім жұрттың назарын аударған «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің іріктеу сындарының басталуына орай шара ұйымдастырушылары баспасөз маслихатын өткізді.
Мәлік Сапашев, ҚР Мәдениет және Спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары:
– «Қазақстан Барысы» турнирі республика деңгейінде өтетін маңызды спорттық шара болып табылады. Қазақ күресі федерациясының үздіксіз жұмысы мен «СК Астана» корпоративтік қорының және «Нұр Отан» партиясының тұрақты қолдауы арқасында бес жылдың ішінде қазақ күресі өрісін кеңейтті. Қазір міне «Еуразия Барысы», «Жас Барыс» жобалары бар. Жылына бір мәрте өтіп тұратын «Қазақстан Барысы» жастарды ұлттық ойын түрлерімен шұғылдануға тарту арқылы отансүйгіштікке, салауатты өмір салтын қалыптастыруға баулиды. Бүгінгі таңда қазақ күресімен республика бойынша 102 800 спортшы айналысады. Осыдан бес жыл бұрын олардың саны 30 мыңды құраған болатын, яғни осы бес жылдың ішінде көптеген жұмыстардың нәтижесінде бұл көрсеткіш үш есе артып отыр.ҚР қазақ күресі федерациясының президенті, «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қорының қамқорлық кеңесінің төрағасы Арман Шораев:
– Биыл міне «Қазақстан Барысы» деген үлкен доданы бесінші мәрте өткізгелі отырмыз. Бес жыл бес күндей өте шықты. Осы уақыт аралығында үзбей қолдап келе жатқан журналистер қауымына алғыс айтқым келеді. Бұл жобаның осы деңгейге жеткені журналистердің еңбектері. Жоба енді басталған кезде оны әлеуметтік лифтіге айналдыруды мақсат еткен болатынбыз. Алла қолдап, «Нұр Отан» мен үкімет қолдап, одан қалды «Самұрық Қазына» әл ауқат қорының қолдауының арқасында «Қазақстан Барысы» шынымен үлкен әлеуметтік лифтіге айналды. Өйткені, Ұлан болсын, Бейбіт, Айбек, Мұхит болсын бәрі де ешкім танымайтын қазақтың қара домалақ балалары еді, бүгінгі таңда олар халық арасында танымал үлкен азаматтарға айналды. Осы жігіттерге қарап, ауылда жүрген кішкентай бүлдіршіндеріміз «біз де осындай болғымыз келеді» деп, алдына үлкен мақсат қойып, соған ұмтылатын болады.«Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының саяси жұмыс департаменті директорының орынбасары Ғалымжан Өтелбайұлы:
– «Нұр Отан» партиясы өзінің доктринасында айқындалған ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытындағы жұмыстарын толық атқарып келеді. Өздеріңіз білесіздер соңғы жылдары айтыс өнеріне кеңінен мән берілуде. Өткен жылдың өзінде жеті бірдей республикалық деңгейдегі айтыс өтті. Жақында Ассамблеяның 20 жылдығына орай Көкшетауда ақындар айтысы өтті. Әлі де, Жеңістің 70 жылдығына, Қазақ Хандығының 550 жылдығына арналған шаралар жалғасын табатын болады. Дәл сол сияқты ұлттық спорт түрлеріне: аламан бәйге, көкпар, аударыспақ және т.б. спорт түрлеріне де көп көңіл бөлінуде. Осылардың ішінде ең шоқтығы биік, қазаққа жақын, қазақтың оң жамбасына келетіні ол – қазақ күресі. «Нұр Отан» партиясы қазақ күресіне қолдау көрсетумен қатар, оның барынша әділ өтуіне жіті назар аударатын болады.Айта кету керек, Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің ақтық жарысы (түйе балуандар арасында) 2015 жылдың 5 шілдеде Астана қаласындағы «Сарыарқа» республикалық велотрегінде өтетін болады,
«Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің билығы ереже-шарттары туралы толық ақпаратты алу үшін мына сілтемемен жүріңіз.
Материалды әзірлеген: Қаламқас НҰРМАҚОВА
Суреттер авторы: Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ