«Қазақстан Барысы-2016» турниріне 34 балуан қатысады
ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың жүлдесіне арналған қазақ күресінің айтулы турнирі биыл алтыншы рет ұйымдастырылғалы отыр. Астанада 3 шілде күні өтетін финалдық бәсекеде еліміздің 14 облысы мен 2 қаласынан 34 балуан қатысады. Олардың 33-і арнайы іріктеуден өтсе, 34-ші балуан былтырғы «Қазақстан Барысы» Бейбіт Ыстыбаев.
Былтыр бесінші рет ұйымдастырылған қазақ күресінің республикалық турниріне мемлекет басшысы арнайы қатысқан болатын. Аз ғана уақыттың ішінде ұлттық күрестің айбынын асқақтатып, мерейін тасытқан «Қазақстан Барысы» жобасынан кейін онымен айналысатындардың саны жоғары қарқынмен өсіп келеді.
Биылғы додаға 2014 жылғы турнирдің жеңімпазы Мұхит Тұрсынов қатыспайды. Семейде өткен іріктеу бәсекесінде төрешілер шешімінің дұрыс болмауынан кейін финалдық жолдамадан қағылған болатын. Тұңғыш «Қазақстан Барысы» атанып, Қызылорда облысының намысын қорғап келген Ұлан Рысқұл биыл Алматы облысының атынан сынға түседі. Турнирдің ең ауыр балуаны оңтүстікқазақстандық Жұманазар Ерсұлтанов төртінші рет финалдық кезеңге жолдама алды. Жүлдеден үмітті балуандар арасында «Қазақстан Барысының» 2013 жылғы жеңімпазы Айбек Нұғымаров, Асыл Барменов, Руслан Әбдіразақов білекті жігіттер бар.
Турнирдің ең жеңіл балуаны атыраулық Сұңғат Закарияев. Ол 81 келіде биылғы чемпионатының қола жүлдегері. Ал 160 келі оңтүстікқазақстандық Жұманазар Ерсұлтанов турнирдің ең ауыр балуаны саналып отыр.
Бұған дейін 150 мың АҚШ долларын құрайтын жүлде қоры биыл одан едәуір аз болады деген болжам бар. Жылдағыдай «Қазақстан Барысы» турнирінің әр кездесуінде жеңіске жеткен балуан 100 мың теңгеден беріліп отырады.