Жаңалықтар

«Қазақстан 2050» белсенділері «Қазақстанда жасалған» акциясын бастады

«Қазақстан 2050» Жалпыұлттық қозғалысының белсенділері «Қазақстанда жасалған» республикалық акциясын бастады
17.02.2015 09:59 3795

16 ақпанда Астанада «Қазақстан 2050» Жалпыұлттық қозғалысының белсенділері  «Қазақстанда жасалған» республикалық акциясын бастады. Оның алғашқы жұмыстары да сәтті басталды. 

«Қазақстан 2050» белсенділері «Қазақстанда жасалған» акциясын бастады

2015 жылғы 11 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев отандық өндірушілерді қолдауға шақырған болатын. Онда Елбасы «Қазақстанда жасалған» жалпыұлттық акциясын бастауды ұсынған еді. Енді осы акцияны бастап жатқанда да бар.  Акция барысында сауда желілерінде сатылатын қазақстандық өнімдер көзге бірден түсердей ерекше көрсетіліп қойылады. Отандық өндірушілердің тауарын сатып алғысы келетін азаматтарға бұл өте қолайлы.  «Барлық қазақстандықтарды, бүгінгідей қиын жағдайда, біздің, қазақстандық тауарларды сатып алуға шақырамын. Бұл Қазақстан экономикасына қосқан үлесіміз деп білейік», деген болатын Мемлекет басшысы. 

Елбасының айтуынша, отандық өнімдер дүкендерде, базарларда, сауда орталықтарында алыстан менмұндалап, басқалардан ерекшеленіп тұруы тиіс. Тұтынушылардың қызығушылығын арттыруы қажет.

Ел Президентінің үндеуінен кейін «Қазақстан 2050» Жалпыұлттық қозғалысының белсенділері бірден ірі дүкен желілерімен және өндірушілермен келіссөз жүргізуді бастап кетті. Қоғамдық ұйымның акция өткізу туралы ұсынысын алғашқылардың бірі болып «А2» супермаркеттер желісі қолдап, дүкендерінің бірінде «Қазақстанда жасалған» акциясы бастау алды.

Отандық өндірушілердің өнімдері орналасқан сауда сөрелерінің тұсына «Қазақстанда жасалған» деп жазылған түрлі-түсті белгі-тақтайшалар қойылды. Бұл қазақстандық өнімді ерекшелеп, сатып алушылар үшін тартымдылығын арттырады.

«Жылдар бойы еліміз мені және мен сияқты мыңдаған қазақстандықтарды қолдап келді. Жоғары білім алып, біліктілігімізге сай көңілге қонымды жұмыс таптық, отбасын құрып, қуанышқа бөлендік. Қазақстанымызға, елімізге қолдау көрсететін кезек ендігіде бізге келіп отыр. Қазақстандық өнімді сатып алу арқылы біз тек ел экономикасына ғана көмектесіп қоймаймыз, сондай-ақ отандық кәсіпорындарда еңбек етіп жүрген мыңдаған адамдарға қолдау көрсетеміз. Олар біздің арқамызда жұмысын жалғастырады, отбасын асырап, ұрпақ өрбітеді, дәрігерлер мен мұғалімдердің еңбекақысы үшін салық төлейді. Біз қазақстандық өнімді қажет болғандықтан емес, солай дұрыс болғандықтан сатып аламыз», - деді «Қазақстан 2050» Жалпыұлттық қозғалысы Кеңесінің төрағасы Данат Жұмин.    

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға