«Қазақстан: бір ел, бір отбасы» атты өнер фестивалі өтті
«Бірлік – берекеге, береке – мерекеге жеткізеді» деп дана халқымыз айтқандай, Елбасымыздың бастамасымен биылғы жылы жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы атап өтілмек. Осы айтулы датаны еліміз бойынша атап өту шаралары қызу басталып кетті. Мереке қарсаңында Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында «Қазақстан: бір ел, бір отбасы» атты өнер фестивалі өтті. Аталмыш шараға оқу орнында білім алып жатқан өзге ұлт өкілдерімен қатар, облыстағы ұлттық-мәдени орталықтардың өкілдері де қатысты.
Фестивальді өткізудегі басты мақсат – еліміздің халықтарының ұлтаралық және конфессияаралық келісімін, өзара түсіністігі мен сыйластығын дәріптеу, достық пен бірлікті нығайту сөз жүзінде қалмай. күнделікті іс-әрекетімізде басшылыққа алу. ТарМПИ-дің тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Орынқыз Жолдасова ашып, шараның мән-маңызына тоқталып өтті.
– Бірлік бар жерде – тірлік бар» дейді біздің халық. Әлбетте, мұны тегіннен-тегін айта салмаса керек. Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Қазақстан Республикасын мекен еткен 130 дан астам ұлт өкілі күні бүгінге дейін ынтымақтастыққа, бір үйдің баласындай тату-тәтті жарасымды тіршілік кешіп келеді. Жүзі басқа болғаны мен жүрегі бір, тілі басқа болғанымен тілегі бір, мақсат-мүддесі ортақ, бірлігі мықты, достығы берік ұлттар қазақ елінің салт-дәстүріне, ұлттық құндылықтарына құрметпен қарайды, сондай-ақ қазақ халқының қарапайымдылығы, қонақжайлылығы, бауырмалдылығы үшін ерекше бағалайды, бастысы-өздері қоныс тепкен Қазақстан жерінің барлық ұланымен ауыз бірлікте, туыс болуды көздейді. Міне, бұл тұрғыда осы тақілеттес шаралардың маңызы өте зор екендігі даусыз, – деді О. Көпбосынқызы.
Фестивальға Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында білім алып жатқан түрлі ұлт өкілдері қатысты. Олар жиналғандарды өз ұлттарының мәдениеті, салт-дәстүрімен таныстырып қана қоймай, халық әндерін де шырқады. Сондай-ақ, ұлттық тағамдарын әзірлеп, дайындау тәсілдерімен таныстырды. Шарада «Коре» кәріс қауымдастығы облыстық филиалының вице-президенті Полина Ким сөз сөйлеп, ел іргесін нығайту, халықтар бірлігін сақтау, бейбітшілік деген қасиетті ұғымды баянды ету жолындағы ауқымды шаралар мен нақты қадамдар турасында өз ойымен бөлісті. Шындығында да, Ассамблея жұмысының арқасында біздің елімізде этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей моделі, әрбір азамат этникалық және діни ерекшелігіне қарамастан, Конституцияда кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен бостандықтарын толық пайдалана алатындай ерекше сенім, ынтымақ, өзара түсініктік ахуалы қалыптасты деп айта аламыз.
Алдағы уақытта да Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында бір шаңырақтың астындағы халқымыздың достығы мен өзара түсіністігін дәріптеген шаралар жалғасын таба беретін болады.
Жандар АСАН