«Қазақия 2015» блог-сапар байқауы: екінші кезең
Қазнетте 1 миллион теңгелік жүлде қоры бар «Қазақия 2015» байқауы басталғанын біршама бұқаралық ақпарат құралдары жариялап үлгерді.
«Қазақия 2015» бұл – Қазақстанның сегіз облысы мен қаласын қамтитын блог-сапар. Шарт бойынша 14 күн ішінде 12 стансаны темір жолмен басып өтетін байқау қатысушылары әлеуметтік желілерде сапар барысынан жолжазбалар жариялауы тиіс. Басқаша айтқанда, блог-сапар мақсаты – елімізді жаңа қырынан танытып, қазақтілді интернет кеңістікті сапалы мәтіндік, бейне, фото контентпен толықтыру.
Байқау іріктеу кезеңдерін қоса алғанда, 26 наурыз бен 24 сәуір аралығында өтеді. Блог-сапардың өзі 10 сәуір мен 24 сәуір аралығына жоспарланған.
Бүгін сол байқаудың екінші кезеңі басталды. Алғашқы іріктеу кезеңінде байқауға қатысуға тілек білдірген 50-ше жуық үміткердің арасынан талапқа барынша сәйкес деген 26 адам іріктеліп алынды. Үміткерлерден нақты блог-сапарға шығатын ондықты іріктеу үшін осы кезеңде нақты тапсырма қойылады. Тапсырма – «Қазақия 2015» блог-сапары жүріп өтетін бағыттар бойынша нені түсіріп, кімнен сұхбат алып, қандай жағдайды ашып көрсетсек болады деген жоспар ұсыну.
Байқаудың іріктеу шарттары мен блог-сапар туралы ақпаратты «Қазақия 2015» жобасының әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларынан табуға болады.
Жобаға Altel 4 G GSM компаниясы демеушілік етуде.