Жаңалықтар

«Қазақ хандығына – 550 жыл»

Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапхана­сында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай «Қазақ хандығына – 550 жыл» атты кітап көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
14.01.2015 07:03 51997

Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапхана­сында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай «Қазақ хандығына – 550 жыл» атты кітап көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Көрменің мақсаты – қазақ хандығы мен қазақ халқының тарихын, еліміздің өркендеуіне және нығаюына өмірі мен қызметін арнаған көрнекті тарихи тұлғалардың еңбектерін және есімдерін оқырмандарға насихаттау болып табылады. Іс-шараға белгілі тарихшылар, ақын-жазушылар, кітапхана оқырмандары мен БАҚ өкілдері қатысты. Көрме аясында «Әбілхайыр хан» атты деректі фильм (сценарийі – Асқар Әлімжанов, қоюшы режиссері – Қанат Есенаманов) көрсетілді.

«Қазақ хандығына – 550 жыл»

«2015 жылды ұлттық тарихымызды ұлықтау, бүгінгі белестерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы деп есептеу керек», – деген Елбасымыз Н.Назарбаев 2015 жылы Қазақстан Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ата Заңымыздың 20 жылдығын атап өтетіндігімізді мәлімдеді.

«Ұлы Дала мемлекеттері», «Тарихи зерттеулер», «Қазақ хандығы», «Әдебиет және Тарих», «Тәуелсіздік бастауы – Желтоқсан», «Жасай бер, Тәуелсіз Қа­зақстан» атты алты бөлімді көрмеге қазақ, орыс, шет тілдеріндегі және сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорынан 3000-нан астам еңбек қойылған.

Көрменің ашылу салтанатында жазушы, Мемле­кеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республи­касы Ұлттық кітапханасының Бас директоры Әлібек Асқар, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, М.Х.Дулати қорының директоры Мұхтар Қазыбек, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары Нұрлан Аты­ғаев, филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақұлы, тарихшы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, «Адал бизнес принт» баспасының директоры, Қазақстан тарихи даму диаграммасының авторы Әділбек Бегедаев сөз сөйледі.

– Қазақ тарихының тамыры тереңде жатыр. Біз – Орта Азиядағы ежелден келе жатқан мемлекеттердің біріміз. Мен жақында іссапармен Хакасияда болдым. Ол жерде осыдан үш мың жыл бұрын жасалған ескерткіштер табылған. Біздің ата-бабаларымыз Алтай тауларында өмір сүрген. Жалпы, түркі халықтарының тарихы ортақ қой. Міне, бұл ежелгі ескерткіштер біздің тарихымыздың тереңде екендігін дәлелдейді. Осы уақытқа дейін біз тарихта орыс және батыс ғалымдарының жазбаларын пайдаланып келдік. Шын мәніндегі тарихты әр халық өзі жазуы керек. Олар бұрын тарихты орыстық көзқарас, батыстық көзқарас дүниетаным тұрғысынан жазса, енді біз өзіміздің көзқарасымыз бойынша Тәуелсіздік тұрғысынан қарап төл тарихымызды жазуымыз керек, – деді С.Демирел атындағы университет ректорының кеңесшісі Дандай Ысқақұлы.


Дереккөз - almaty-akshamy.kz

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға