Жаңалықтар

«Қайырымдылық жасау – әрбір жастың міндеті»

«Ізетті іс» қоғамдық қорының игі істері
«Қайырымдылық жасау – әрбір жастың міндеті»
11.06.2020 16:34 26664

Қайырымдылық – ізгіліктің көрінісі. Ол көмекті қажет етушілерге білдірілетін сүйіспеншілік пен қол ұшын беру болып табылады. Қайырымдылық жасау үшін асып-тасып бай болу керек емес. Ең бастысы мейірімді жүрегің мен таза ниетің болса жеткілікті. Кез келген қиын жағдайда адам баласы әр түрлі бағытта көмек қолын соза алады. Біреулер жаны жабырқау жүргендерді жұбата отырып күлкі сыйласа, екіншілері қиын сәтте қол ұшын беріп, көмек жасайды. Бүгінде сондай игі істер, түрлі акциялар мен жобаларды қолдап, қайырымдылықты өмірлік мақсат еткен жомарт жандардың саны жылдан-жылға артып келеді. Солардың бірі – Еріктілер жылы қарсаңында жастардың бастамасымен құрылған «Ізетті іс» қоғамдық қоры болып табылады. Аталған еріктілер ұйымының құрылуы мен бүгінгі таңдағы жұмысы туралы қор ұйымдастырушысы Мұқасан Бердіханмен әңгімелескен болатынбыз.

Screenshot_20200611_162721.jpg

«Ізетті іс» қоғамдық қоры өзінің алғашқы еріктілік қызметін 2019 жылдың қыркүйегінен бастап, сол жылдың 9 желтоқсанында ресми мемлекеттік тіркеуден өтті. Қоғамдық қордың негізін 21-23 жас аралығындағы жастар қалған екен. Ал қазіргі таңда аталған ұйымды басқарып отырған ҚазҰМУ интерн-дәрігері - Бердіхан Мұқасан Сәкенұлы. Бүгінгі күнде қордың штаттық жұмыскерлер саны 5 адамнан құралған. Ал онда сонымен бірге тұрақты жұмыстар мен жобаларды жүзеге асыру, шешімдер қабылдауда маңызды рөл атқаратын 40 ерікті жұмыс істеп келеді.

– Қайырымдылық дегеніміз - өзіңдегі бар жақсылықты, бақытты өзгемен шынайы әрі риясыз көңілмен бөлісе алу деп ойлаймын. Ол материалдық немесе моральдық тұрғыда болсын, бастысы шын ниетпен жасалынған әрбір қайырлы амалды қайырымдылық деп білеміз. Біздің ойымызша, бұл игі іс қайтарымсыз негізде көрсетілетін көмекке мұқтаж жандардың қажетін өтеудегі ізгіліктің нақты көрінісі болып табылады. Біздің жастар негізін қалаған қоғамдық қордың мақсаты­ – қиын жағдайға тап болған балаларға әлеуметтік және қаржылай көмек көрсету болып табылады. Олардың ішінде: жетімдер, ата-анасының қарауынсыз қалғандар, мүгедектер және емге мұқтаж ауыр сырқатқа шалдыққан балалар бар. Сонымен бірге әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, көмекке мұқтаж көпбалалы жанұяларға көмектесу мен отбасылық құндылықтарды дәріптеу де біздің мақсатымызға кіреді. Біз әлеуметтік жағдайы төмен отбасындағы балалардың өмір сүру деңгейін жақсарту үшін қолымыздан келгенше көмек көрсетіп келеміз. Мақсаты мен арманы бір жастардың бастамасымен құрылған қоғамдық қорымыз еріктілер жылы басталғалы игі істер жасаумен айналысып келеді, – деді қоғамдық қор басшысы Мұқасан Сәкенұлы.

Screenshot_20200611_162622.jpg

Сонымен бірге «Ізетті іс» ҚҚ-ның ұйымдастыруымен өткен жылы шағын футболдан қайырымдылық турнирі өтіпті. Жарысқа жалпы саны 15 команда, 100-ден астам аса мейірімді жандар қатысып, ізетті іске өз үлестерін қосқан. Ал жиналған қаражат мұқтаж отбасылардың керегіне жаратылған. Сонымен бірге қоғамдық қор қайырымдылық жәрмеңкелерін де жиі өткізіп отырады екен. «Қарты бар елдің – қазынасы бар», – демекші, қордың ерікті жастары қарттар үйіне де арнайы барып, концерттер ұйымдастырып, ата-әжелерді қуантып та жүр. Сонымен қатар жастар «Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің тәрбиеленушілеріне де мерекелік іс-шара ұйымдастырып отырады. Ал қасиетті рамазан айындағы «Рахым айы­­­­ –Рамазан» қайырымдылық жобасы аясында еріктілер мешіт имамдары, қала ақсақалдарымен бірге әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға ауызашар беріп, азық-түлік таратып, жақсылық жәшігімен бөлісіпті. Ал еліміздің оңтүстігіндегі Мақтааралдағы жағдайға орай қоғамдық қор жастары бірнеше отбасының балаларына кеңсе тауарлары мен киім-кешек қорын жеткізіпті.

– Алдағы уақытта жоспар бойынша 2019-2020 жылдардың қарамағындағы жобаларымызды сәтті аяқтап, қорымыздың қайырымды істерінің ауқымы кең болуы үшін демеушілеріміз бен еріктілеріміздің санын арттырып, ізетті ісіміздің сапасын жоғарылату мақсатымыз болып табылады, – дейді қор ұйымдастырушысы.

Screenshot_20200611_162603.jpg

Қоғамдық қор басшысы Мұқасан Бердіхан еріктілерді бүкіл Қазақстаннан іздейтіндіктерін айта кетті. Сонымен бірге еріктілер үшін арнайы талаптар қойылмайтындығын, тек ерікті боламын деген ниеті болса болғаны дейді. Қоғамдық қор құрамында қазіргі таңда Тараз, Алматы, Жетісай, Шардара, Қызылорда қалаларында қайырымдылық жобаларды жүзеге асыратын 70-тен астам еріктілер мұқтаж жандарға көмек көрсетіп келеді.

«Ізетті іс» қоғамдық қоры аясында осы күнге дейін «Бақытты отбасы», «Сәби», «Мейірімді қала» жобалары жұмыс атқарып келеді. «Бақытты отбасы» жобасы тікелей көмекке мұқтаж отбасылармен тығыз байланысты болып, моральдық және материалдық арнайы көмек көрсету үшін ұйымдастырылған. Оған білім, медицина, отбасылық мәселелер тағы да өзге салалар да кіреді. Ал «Сәби» жобасы  арнайы балалар үйіндегі жетім балаларға әртүрлі іс-шаралар, концерттер, арнайы демалыс орындарындағы активті демалыстар өткізуге бағытталған. Сонымен бірге «Мейірімді қала» жобасы қоғамға пайдасы тиетін, әлеуметтік маңызы бар игі істер, оның ішінде донор болу, қаланы жасылдандыру мәселелеріне көмек көрсетуге арналған.

– «Ізетті іс» қорына қаржылық көмекті қормен ерікті түрде келісімге отырған тұрақты салымшылар, арнайы демеуші компаниялар және Қазақстан бойынша еріктілер біздің реквизиттерге аударып тұрады, – дейді Мұқасан Бердіхан.

Screenshot_20200611_162637.jpg

«Білім» қайырымдылық акциясы, «Ізетті іс» ҚҚ Қыздар қауымының ұйымдастыруымен  «Тағамдар» жәрмеңкесі, «Өзгеге өмір сыйлау» қан тапсыру туралы акциялар аясында да жастар мұқтаж жандарға өз көмектерін беріп жүр.

– «Білім» қайырымдылық акциясы – Алматы қаласы бойынша тұрғындардың өздеріне керексіз деп тапқан кітаптары жиналған болатын. Бүгінде жалпы саны 100-ден астам кітап жиналды. ҚазҰТЗУ-де арнайы қайырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылып, «Білім» акциясы бойынша жиналған кітаптарды және ерікті қыздарымыз жасаған тағамдары сатылымға шығарылды. Жиналған қаражат толық мұқтаж отбасылардың қажетіне жаратылды. Біздің қордың ерекшелігі барлығы бұл қорда арнайы бір қызметкер болу үшін емес, не болмаса қор басшысы болу емес, бастысы елі мен жеріне көмегіміз тисе екен деп жүрген жандар, – дейді қор ұйымдастырушысы Мұқасан Бердіхан.

Карантин барысы мен Төтенше жағдай кезеңінде қор еріктіліері өз жұмыстарын тоқтатпады. Халыққа көмектесіп жүрген «Ізетті іс» қоғамдық қорының еріктілері мұқтаж жандарды азық-түлікпен қамтамасыз етіп, қаржылай көмек көрсетті.

Screenshot_20200611_162712.jpg

– Карантин кезіндегі жұмыстың өзіндік қиындықтары бар. Арнайы рұқсат алу, дизенфекциялық шараларды сақтау және мұқтаж отбасылармен байланысқа түсудің өзі де бір қиындық тудырады. Өйткені олар да артық адаммен байланысуға қорқады. Сол себептен біз мұқтаж деп таныған отбасыларымызға ондай кездерде тікелей қаржылай аударымдар жасап жатырмыз. Екіншіден, өзіміздің қатысуымызбен болып жатқан жобаларымыз да бар. Ол қазіргі таңда Түркістан облысының бірнеше қаласында өтіп жатыр. Жалпы «Ізетті іс» қоғамдық қорының ауқымы үлкен. Басты кеңсе Алматы қаласында орналасқан. Ал тұрақты еріктілеріміз Тараз, Қызылорда, Жетісай, Шардара қалаларындағы жобаларымызға өз көмектерін беруде, – деді «Ізетті іс» қоғамдық қорының басшысы.

Қоғамдық қор құрылғалы қаншама мұқтаж, жағдай төмен, мүмкіндігі шектеулі отбасыларға көмек көрсеткен ерікті жастар осы күнге дейін көптеген адамдарға қуаныш сыйлап, олардың алғысын арқалады. Қоғамдағы мейірімді, ізгі жандар да осы ерікті жастар сияқты жақсылық жасауда жарысып, асықса ол ізгі амалдары жауапсыз қалмас еді. Сөз соңында «Ізетті іс» қоғамдық қорының игі істеріне береке тілей отырып, қайырымды іспен айналысып жүрген жандардың сауапты істегі қажыр-қайраты мұқалмасын дейміз.

Бөлісу:
(Суреттер: «Ізетті іс» қоғамдық қорының жеке мұрағатынан алынды) Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға